Ставка өскеніне қарамастан, кредитке кірген адамдар саны көбейген
Ставка өскеніне қарамастан, кредитке кірген адамдар саны көбейген
217
оқылды
Ұлттық банк жариялаған есепке сәйкес, елде жаңадан берілетін несиелер көрсеткіші 8,5% көбейген. «2022 жылдың II тоқсанында ақша-несие саясатын қатайту аясында несие ресурстарының құны өсті. Соған қарамастан, несиелендіру көлемі негізінен халыққа берілген несиелер мен бизнеске теңгемен берілген несиелер есебінен өсімді жалғастырды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан басқа барлық салада жаңа несиелер көбірек берілді. Сауда және көлік секторлары кәсіпорындарға жаңа несиелер беру өсімінің негізгі драйверлері болды», - делінген Ұлттық банк есебінде. Базалық мөлшерлеме өскеннен кейін кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелердің де құны өскен. 2022 жылы ІІ тоқсанында заңды тұлғалар үшін теңгемен берілетін несиелер бойынша орташа алынған мөлшерлеме өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайыздық тармаққа өсіп, 15,6%-ды құрады. Ал жеке тұлғалар бойынша 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, 17,2%-ға дейінгі көрсеткішке жетті.
«Базалық мөлшерлеменің өзгеруі жеңілдетілген бағдарламалар үлесінің кеңеюіне байланысты ипотекалық несиелер құнының сәйкес өзгеруімен қатар жүрмеді. Осылайша, орташа алынған ипотекалық ставка өзгерген жоқ. II тоқсанда 8,3% деңгейінде қалды. Жеңілдетілген автонесиелерді іске қосу және банктердің акцияларды қайта бастауы тұтыну несиесі мөлшерлемесінің 1 тоқсандағы 19,1%-дан төмендеуіне әкелді», - делінген зерттеуде.
ІІ тоқсанда жаңадан берілген несиелер кқлемі 5,7 трлн теңгені құраған. Бұл – былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,5% жоғары. Несиелердің ең көбі халыққа берілетін кредиттер (17,7%).
«Бөлшек несиелендірудің өсуіне тұтынушылық несиелерден басқа ипотекалық несиелер де оң ықпал етті. «Отбасы Банкі» АҚ-тың жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары мен «7-20-25» бағдарламасы үлкен сұранысқа ие, өйткені нақты мәндегі ипотека мөлшерлемелері теріс аймақта және нарықтық мөлшерлемелерден айтарлықтай төмен. Берілген ипотекалық несиелердің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға өсті», - делінген ҰБ есебінде.