Ақшаны жылыстатуға қарсы шартқа өзгерістер енгізіледі
Ақшаны жылыстатуға қарсы шартқа өзгерістер енгізіледі
Кеше Сенат Бюросының отырысы өтті. Онда 2022 жылғы 13 қазанға жоспарланған Палата отырысының күн тәртібі бекітілді. Соған сәйкес, алдағы бейсен­біде депутаттар «2011 жылғы 19 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жол­мен алынған кiрiстердi заң­дастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хатта­маны ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Құжат Еуразиялық экономи­калық одаққа мүше елдердің қыл­мыстық кірістерді заңдас­тыруға және терроризмді қаржы­ландыруға қарсы іс-қимыл жө­ніндегі өзара іс-әрекеттер тетігін жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар Сенат оты­рысында «Еуразия­лық экономи­калық одақтың кедендік шека­расы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қыл­мыстық жол­мен алынған кі­рістерді заңдастыруға (жылыс­тату­ға) және терроризмді қаржы­ландыруға қарсы іс-қимыл сала­сында ақпарат алмасу туралы ке­лісімді ратификациялау тура­лы» заң жобасы да қаралады. Бұл Келісім жеке тұлғалар­дың ЕАЭО-дан тыс жерлерде қолма-қол ақша қаражатын өт­кізуі бо­йын­ша ақпарат алмасу­ды көздейді. Сондай-ақ Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жо­балары Сенаттың тұрақты ко­ми­теттеріне бөлініп берілді.