Барлық бала – жеңімпаз
Барлық бала – жеңімпаз
Қазан айының екінші жексенбісінде елордадағы «Тарлан» мұз аренасы ба­ла­лардың бал күлкісіне толды. Өйткені осы күні айрықша физикалық қажет­тіліктері бар балаларға арналған «Мұздағы көңілді сырғанау» атты спорттық отба­сылық мереке өтті. Елуден аса отбасы қатысқан эстафета­ның мағынасы зор. Олай дейтініміз, іс-шараның мақсаты – ерекше физикалық қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, отбасы мен қоғамда баланың жеке басының үйлесімді дамуына жәрдемдесу, балалар үшін мазмұнды бос уақытты ұйым­дастыру, сондай-ақ саламатты өмір салтын насихаттау. спорттық отбасылық мереке Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушыларды тіркеу мен олардың құра­мын анықтаудың да маңызына ерекше ден қойылған. Мәселен, жарысқа бір отбасынан 2 адам қатыса алады. Ерекше физикалық қажеттілігі бар баласына жәрдем беріп, қол­­дау көрсету үшін әкесі немесе анасының біреуі болуы талап етіледі.
«Біз бұл іс-шараны жыл сайын өткізуді дәс­түрге айналдырдық. Біздің басты мақса­тымыз – бұқаралық спорт түрлерін наси­хаттап, ерекше физикалық қажеттіліктері бар балаларды спортпен шұғылдануға тарту. Мұндай қажеттіліктері бар балалардың көбі үйде отырады. Ал біз олардың бойындағы қорқынышты жеңдіріп, жаңа достар табу үшін әлеуметтендіруге тырысамыз», – дейді «Каспий» спортты дамыту қорының ат­қарушы директоры Абдусаид Назаров. Алты жасар Азима мен анасы Сандуғаш Өтебаева биыл жарысқа бірінші рет қаты­сыпты. Мұз айдынында мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін шара болатынын екі күн бұрын ғана естіген ол сол күні ұйымдас­ты­ру­­шыларға хабарласқан. «Қызым мұзда сыр­ғанағанды қатты жақсы көреді. Әсіресе «Со­фия ханшайым» мультфильмін көр­се­тіп, коньки тебуге апаруын сұрайды. Спорт­­­тық гимнастикаға қатысамыз. Енді коньки­ге де тұрақты келеміз бе деп жос­пар­лап отырмыз», – дейді Сандуғаш Өтебаева. Көңілді марафонға қатысушыларға ірік­теу жүргізілмейді. Өйткені ұйымдастыру­шылар жарысқа қатысқысы келген кез кел­ген айрықша қажеттілігі бар балаға қолдау көрсетеді. Көңілді старттың тәртібі сол, қатысушылар бірнеше командаға бө­лініп, мәреге дейін жетуі керек. Ең бастысы, жарысқа қатысқан барлық бала жеңімпаз болып есептеледі. «Себебі, сенім мен жігері жетелеген жеткіншектің жарыс жолына шығуының өзі – жеңіс», – дейді Абдусаид Назаров.
Ұйымдастырушылар барлық команда қатысушыларын марапаттап, естелік сый­лықтар табыс етті.