Қазан айының екінші жексенбісінде елордадағы «Тарлан» мұз аренасы балалардың бал күлкісіне толды. Өйткені осы күні айрықша физикалық қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мұздағы көңілді сырғанау» атты спорттық отбасылық мереке өтті.
Елуден аса отбасы қатысқан эстафетаның мағынасы зор. Олай дейтініміз, іс-шараның мақсаты – ерекше физикалық қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, отбасы мен қоғамда баланың жеке басының үйлесімді дамуына жәрдемдесу, балалар үшін мазмұнды бос уақытты ұйымдастыру, сондай-ақ саламатты өмір салтын насихаттау.
«Біз бұл іс-шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырдық. Біздің басты мақсатымыз – бұқаралық спорт түрлерін насихаттап, ерекше физикалық қажеттіліктері бар балаларды спортпен шұғылдануға тарту. Мұндай қажеттіліктері бар балалардың көбі үйде отырады. Ал біз олардың бойындағы қорқынышты жеңдіріп, жаңа достар табу үшін әлеуметтендіруге тырысамыз», – дейді «Каспий» спортты дамыту қорының атқарушы директоры Абдусаид Назаров. Алты жасар Азима мен анасы Сандуғаш Өтебаева биыл жарысқа бірінші рет қатысыпты. Мұз айдынында мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін шара болатынын екі күн бұрын ғана естіген ол сол күні ұйымдастырушыларға хабарласқан. «Қызым мұзда сырғанағанды қатты жақсы көреді. Әсіресе «София ханшайым» мультфильмін көрсетіп, коньки тебуге апаруын сұрайды. Спорттық гимнастикаға қатысамыз. Енді конькиге де тұрақты келеміз бе деп жоспарлап отырмыз», – дейді Сандуғаш Өтебаева. Көңілді марафонға қатысушыларға іріктеу жүргізілмейді. Өйткені ұйымдастырушылар жарысқа қатысқысы келген кез келген айрықша қажеттілігі бар балаға қолдау көрсетеді. Көңілді старттың тәртібі сол, қатысушылар бірнеше командаға бөлініп, мәреге дейін жетуі керек. Ең бастысы, жарысқа қатысқан барлық бала жеңімпаз болып есептеледі. «Себебі, сенім мен жігері жетелеген жеткіншектің жарыс жолына шығуының өзі – жеңіс», – дейді Абдусаид Назаров.Ұйымдастырушылар барлық команда қатысушыларын марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.