Қоржынға медаль түспеді
Қоржынға медаль түспеді
478
оқылды
Ташкентте дзюдодан 2022 жылғы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Кейінгі үш күн ішінде ел қоржынына медаль түспеді. 10 қазан күні 70 келі салмақ дәрежесінде Анастасия Маякова, 90 келіге дейінгі санатта Дидар Хамза бозкілемге шықты. Анастасия Маякова алғашқы белдесуінде бразилиялық Мария Портеладан жеңіліп, әлем чемпионатының екінші айналымынан әрі аса алмады. Ал Дидар Хамза болса чехиялық Дэвид Кламмертпен кездесіп, ұтылып қалды.
«Негізі, жеребе жолдас болды. Бұл балуандармен бұдан бұрын да белдесіп, басым түскенмін. Өкінішке қарай, қателесіп, әдісті соңына дейін жеткізбей, қателікке бой алдырдым. Қарсыласым мұны сәтті пайдаланып, жеңіске жетті. Мені қолдаған барша жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Әлі де физикалық түрде дайындалып, салмақ қосу үшін жұмыс істеймін», – дейді Дидар Хамза.
Еске салсақ, чемпионаттың үшінші күні 57 келі салмақта Севара Нышанбаева мен 73 келі салмақта Данияр Шамшаев жарыс жолына шыққанымен, жеңіліп қалды. Ал төртінші күні 81 келіге дейінгі салмақта белдескен Абылайхан Жұманазар да жарысты бірінші айналымнан аяқтады.

А.АЙДАРҚЫЗЫ