«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Өскемендегі «Ана мен бала» орталығының ауласында ағаш отырғызу акциясы өтті. Партияның ШҚО филиалының өкілі Аманбай Нұркеновтің айтуынша, бұл ауқымды акция Экологиялық кеңестің бастамасымен атқарылуда.
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасында экологиялық мәселені шешуге арналған нақты бағыттар бар. Қаламызды жасыл желекке толтыруға, экологиялық жағдайдың жақсаруына партияластар барынша назар аударуда. Осы мақсатта «Ана мен бала» орталығының ауласын абаттандырып жатырмыз», – дейді А.Нұркенов.Шараға «AMANAT» партиясының облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары, жастар, волонтерлер мен белсенділер қатысты.
«Бүгін қаладағы «Ана мен бала» орталығының алаңында ағаш егуге жиналдық. Бұл туған өлкеміздің, жаңа Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне қосқан ортақ үлесіміздің бастамасы деп санаймын», – деді «AMANAT» партиясы өңірлік экологиялық қоғамдық кеңестің төрағасы Татьяна Чернышова.Акция барысында 40 түптен астам қылқан жапырақты ағаш түрі отырғызылды.
Өңірлік «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Қорлан Туғанбаеваның айтуынша, жастар үшін мұндай игі шараның маңызы зор. «Біріншіден, бұл табиғатымызды аялауға қосқан үлесіміз болса, екіншіден, қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартуға арналған шара болмақ», – деді ол.