Абай облысынан табылған жәдігер Сурет Академиясының 15 жылдығына арналған ауқымды көрменің көркін ашты. Алматыда өткен көрмеге Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Алматы облысы мен қаласы шеберлерінің 80-ге тарта жұмысы қойылған. Академияның тәжірибелі шеберлерінің жұмыстарымен бірге көрмеде жас авторлардың да туындылары бар. Көрме көне заман мен қазіргі күннің байланысын білдіреді. Соның жарқын үлгісі болған жәдігердің бірі – Абай облысынан табылған «Үржар ханшайымы». Еліміздің шығысында отандық ғылымда сенсациялық жаңалыққа баланған Сақ ханшайымы жерленген қорған Үржар ауданынан табылған болатын. Құнды жәдігерді танымал археолог Темір Смағұлов бастаған экспедиция мүшелері Таскескен – Бақты жолындағы қорғаннан тапты. Ханшайымның киімі мен сәукелесін тарихшы, суретші-реставратор Қ. Алтынбеков қалпына келтірген.