Әлеуметтік-экономикалық тіршіліктің іркіліссіз жұмыс істеуі үшін озық технологияға сай жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы аса маңызды. Осы орайда Астанада зияткерлік көлік жүйесін дамыту жалғасын тауып келеді. Бұл көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, көлік қозғалысының кешігуін азайтып, жол жүру уақытын қысқартуға септігін тигізеді.
Осыдан екі ай бұрын елордадағы Ұлы дала даңғылында орналасқан үлкен көпір қолданысқа берілген болатын. Бүгінде көпір көлік кептелісін азайтып, жолаушылардың жол жүруін жеңілдетіп берді. Ал келесі жылы астаналықтар Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тағы бір көпірмен қатынайтын болады. Сонымен қатар соңғы жылдары 400-ден астам көше күрделі жөндеуден өткен. Олардың жартысы тұрғын алаптарында орналасқан. Себебі көлік жүйесінің инфрақұрылымы – қала тіршілігінің күретамыры десек болады. Ендігі жерде елорда әкімдігі көлік және көше-жол желісі саласындағы цифрлық шешімдер мен кешенді көлік схемасының тұжырымдамасына айырықша ден қойып отыр. Мәселен, қазір Астанада зияткерлік көлік жүйесін пайдалану есебінен көлік жылдамдығы 18 пайызға ұлғайса, жол жүрудің орташа уақыты 20 пайызға азайыпты. «Ақылды» бағдаршамдар кептеліс кезінде оңтайлы жұмыс режимін таңдауға мүмкіндік береді. Осылайша, жолдардағы қозғалысты жеңілдетуге септігін тигізіп келеді. Шаһар басшысы Алтай Көлгіновтің айтуынша, қаладағы бағдаршам нысандарының 40 пайыздан астамы зияткерлік функциялармен жабдықталған. Келесі кезеңде бағдаршам нысандарының шамамен 80 пайызын ИТЖ-мен қамту жоспарланып отыр.