Көзі бақырайған, тісі ақсиған Хаги-Ваги ойыншығы бала түгіл ересек адамдардың өзіне үрей ұялатады. Дегенмен мұндай жұмсақ ойыншықтардың саудасы қызып тұр. Отандық психологтар тренд болған қорқынышты қуыршақтар бала психологиясына қауіпті деп дабыл қағуда. Бұл ойыншықтың қандай кереметі бар? Жалпы, нарықта балалар ойыншығына қойылатын талап қандай? Хаги-Ваги – компьютерлік Poppy Playtime хоррор-ойынының кейіпкері. Ойынның сценарийі бойынша басты рөлдегі кейіпкер – ойыншық зауытының бұрынғы қызметкері. Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қызметтестерін іздейді. Ол қараусыз қалған зауытты шарлай жүріп VHS кассеталарын жинайды, өткеннің суреттерін қалпына келтіреді. Солай жүргенінде ізінен біз айтып отырған Хаги-Ваги қалмай қуалайды. Ол – зауыттың ең танымал болған ойыншығы. Егер одан қашып үлгермесе, ұстап алады да жеп қояды. Жағымсыз кейіпкердің түрі де ұсқынсыз. Тістері ырсиып, денелерін түк басқан. Бірақ соның өзінде небәрі бір жыл бұрын шыққан ойын балалар арасында тез танымал болды. Кейін осы ойынның Ютуб арнада анимациялық фильмі мен кейіпкерлерінің ойыншықтары пайда бола бастады. Хаги Вагидің күлгін түсті қалыңдығы – Киси Миси, апельсин түстес – Ван Панк, жасыл түсті – Сили Били, қызыл түсті – Скари Лари, сұр түсті – Грисс Висс және түрлі-түсті Лили Милли деген кейіпкерлер. Қазір дәл осы қорқынышты ойыншықтардың жарнамасы жер жарып тұр. Сатылымы да көп.
– Дүкенімізге кірген балалардың таңдауы ең алдымен осы Хаги-Ваги мен Киси-Мисиге түседі. Көп ата-аналар оны әпермеуге тырысқанымен, кішкентайлары қасарысып тұрып алады. Кейде тіпті жанында еріп келген ата-әжелердің өзі түрін көріп шошып жататын жағдайлар да көп. Бірақ ұл-қыздары ақыры айтқанын алмай қайтпайды. Күніне шамамен Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің 20-дан аса данасы сатылып отырады. Бағалары көлеміне қарай 2 мың теңгеден басталады, – дейді сатушы Ұлан Ашықбаев.Балаларды зұлымдыққа баулиды Ал психологтардың пікірінше, Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің бүлдіршіндердің мінез-құлқына кері әсері көп. Мұндай құбыжықтарға, әсіресе, ата-анасымен сирек сөйлесетін балалар әуестенеді. Көбі Хаги-Вагиді Тик Токтан көріп жүрген соң, қызығып алғысы келеді. Ал кей балалар өзінің қорқынышын басу үшін сатып алады.
– Мұндай қорқынышты немесе депрессивті ойыншықтар баланың психикасына жағымсыз тұрғыдан кері әсер етеді. Өйткені баланың жалпы психикасы қалыптаспағандықтан, жақсы-жаман, шынайы-өтірік әлемді толық ажырата алмағандықтан және олармен көп уақыт өткізгендіктен, міндетті түрде ондай нәрседен әсерленеді, – дейді психолог Ержан Мырзабаев.Оның айтуынша, баланың көңілсіз жүруі ойыншыққа байланысты болуы мүмкін. Мұндай ойыншықтарға қарап, балалар солардың мимикаларын, эмоцияларын қайталауға тырысады. Көп жағдайларда қабағы түйіліп жүруі сол ойыншықтардың әсерінен. Құбыжық ойыншықтар балалардың психологиясына құрылған тұзақ. Өйткені Хаги-Вагидің ой-өрісті дамытуға мүлде пайдасы жоқ. Қайта зұлымдыққа бастайтын теріс мінез-құлықтарды дамытады.
– Бір ойыншықпен ұзақ уақыт ойнамайтын балаларға Хаги-Вагимен бір рет ойнау зиянын тигізбес. Ал тек осындай ойыншықтармен ғана ойнайтын балаларға психологиялық тұрғыда қауіпті. Себебі бала ойыншықтарға қарап бейімделеді. Айтатын сөздері мен көңіл-күйі де ойнайтын қуыршақтарына сай өзгереді. Сондықтан балалардың ойыншықтарын жас ерекшеліктеріне сай бөлу керек. Сатушылар ата-аналарға мұны ескертуі қажет. Хаги-Вагидің бала психологиясына әсері бірден білінбейді. Бірнеше айдан немесе жылдан кейін, өскен кезде баланың бойынан көрінеді, – дейді Ержан Мырзабаев.Сондықтан психологтар баланың үйде қандай мультфильм көретініне баса назар аудару керектігін айтты. Сондай-ақ баланың жас ерекшелігіне сай дамуына пайдасы тиетін ойыншықтарды ғана әперген абзал. Педагогикалық-психологиялық сараптама қажет Германияда балалар ойыншығына жарты ғасырдан бері Spiel gut деген ұйым сараптама жүргізіп келеді екен. Онда ойыншықтарды психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткізу де міндеттелген көрінеді. Яғни белгі қойылмаған ойыншықтар Германияның базарына шығарылмайды. Ал бізде жағдай керісінше. Елімізге келетін ойыншықтардың 70 пайызын Қытай өнімдері құрайды. Көпшілігінде, дәлірек айтқанда, 90 пайызында ешбір құжат жоқ. Сондықтан мұндай ойыншықтар көбіне кісі аяғы қалың жүретін базарларда сатылады.
– Бала ойынмен дамиды. Мысалы, ертеректе баланы жауынгерлікке баулу үшін ата-анасы қылыш, садақ жасап берген. Ал қазір баланы жан-жақты дамыту үшін ойыншықтың рөлі екі есе артты. Заман талабына сай балалардың талғамы да өзгерген. Олар мультфильмнен көрген кейіпкерлерін ермексаздан жасап, суретін салады. Оның ішінде жаратылысқа жатпайтын неше түрлі құбыжыққа ұқсастары да бар. Осы ойыншықтар балалардың санасын өзге идеологияға бұрып жібермей ме деп қорқамын, – дейді «Жеті ойыншық» жобасының авторы Сәкен Болысов.
– Заң бойынша біздің ұлттық болмысымызға, менталитетімізге жат ойыншықтарды нарыққа енгізбеуге болатын. Бірақ біз Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін бұл заңдар күшін жойды. Нарық сол одақтың талаптары бойынша ұйымдастырылды. Қазір сараптамадан өтпей келіп жатқан ойыншықтар көп. Оның арасында балалардың психологиясын бұзатын, қатігездікке, соғыс құмарлыққа баулитын, бір жыныстылыққа бағыттайтын ойыншықтар да бар. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл қарамай, мемлекеттік деңгейде көтеруіміз керек, – дейді Сәкен Болысов.Шынымен де қазіргі кей ойыншықтар адамгершілікке, тіпті жаратылысқа қайшы келеді. Сондықтан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай аумағында жүзеге асырылатын ойыншықтардың психологиялық-педагогикалық қауіпсіздік талаптарын белгілеу бойынша «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақтың техникалық регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарға бастамашылық еткен еді. Кеден одағында біздің бастамамызды жақтаған ел көп болғанымен, сарапшылардың пікірі әртүрлі болып шықты. Мысалы, соңғы кезде шығып жатқан жыныс мүшелері айқын көрсетілген «пупсиктерді» бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың басым бөлігі қолдамайды. Ал медицина өкілдері ол балаға репродуктивтік тәрбие береді, сондықтан керек деген ой білдірген. Қай елді алсақ та бала ойыншық арқылы тәрбиеленеді. Ойыншық баланың психикасына, тұлға болып қалыптасуына, таным-түсінігіне үлкен әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан дүниежүзілік тәжірибеге қарай отырып, ойыншықтарға «ұсынылған» және «ұсынылмаған» деген белгіні ата-аналарға көмек ретінде ұсыну керек сияқты.
– Бала психологиясына ойыншықтардың түстері де әсер етеді. Осының барлығы психологиялық-педагогикалық сараптамадан дұрыс өтетін болса, нарықтағы құбыжық ойыншықтарға тосқауыл қою қиын емес. Балалар қызық көріп ойыншыққа алдануы мүмкін. Бірақ бұл жерде ата-аналар мен жауапты мекемелер көңіл бөлуі керек. Бірақ біздің қоғамда бәрі ойыншыққа «ойыншық дүние» ретінде қарайды. Ал бала интерактивті ойыншықтармен ойнаса логикасы дамиды, – дейді Сәкен Болысов.Демек ойыншықтардың бала психологиясына әсеріне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Былтыр базар біткенді «поп-ит» және «симпл-димпл» деген ойыншықтар жаулап алып еді. Бұл ойыншықтардағы түрлі-түсті дөңгелектердің үстін саусақпен басқанда, дыбыс шығады. Сосын екінші бетін аударып, дөңгелектерді тағы басып шығасыз. Болды, басқа қызығы жоқ. Бірақ баласы бар үйдің бәрі жаппай сатып алып жатты. Себебі, Тик-Токтағы жарнамасы жер жарып тұрған болатын. Ал психологтар болса, бұл ойыншықтармен бала өз бетінше жалғыз әрі ешқандай ережесіз ойнаса, бала мақсатсыз бір қимылды қайталай беруді әдетке айналдырады деп дабыл қаққан. Ал шын мәнінде бұл ойыншықтардың сыртындағы анықтамасында «аутизммен ауыратын балаларды дамытуға арналған» ойыншық деп жазылған. Алайда бұған мән беріп қараған ата-ана болған жоқ. Кейін әлеуметтік желіде түрлі түсті «Поп-ит» пен «симпл-димпл» ойыншықтарының ЛГБТ-ның туы түстес екені айтылып жатты. Олай болса, ойыншық тек ойын құралы емес. Баланың дамуына әсер ететін негізгі фактор. Ендеше, кеш болмай тұрғанда, нарықтағы ойыншықтарға психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізіп, арнайы талаптар бекітуіміз керек. Баланың бір сәттік қуанышынан, дұрыс дамуы әлдеқайда маңызды.