Маңғыстаулық шабандоздарға құрмет көрсетті
Маңғыстаулық шабандоздарға құрмет көрсетті
Маңғыстау жұрты «Ұлы дала жорығы» атты аламан бәйгеде оза шапқан «Көкмойнақ» командасын қошеметпен қарсы алды. Теңіз жағалауына жиналған өңір тұрғындары республикалық марафонның жеңімпаздарымен жүздесіп, алғысын білдірді. Елімізде алғаш рет өткен «Ұлы дала жорығы» марафонын Мәдениет және спорт министрлігі ұйымда­с­тырды. Республикалық шабандоздар марафоны 18 қыркүйекте басталып, 12 күнге созылды. Дүбірлі додаға еліміздің барлық аймағынан 200-ге жуық сәйгүлік қатысты. Жарысқа қатысушылар еліміздің алты айма­ғын, оның ішінде Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарын басып өтті. Жобаның мақсаты – еліміздің ұлт­тық мәдениетін насихаттап, халық­аралық аренада таныту. Сонымен қатар дода, әсіресе жастарды ұлттық мәдениет пен еліміздің тарихын тереңнен тани түсуге үндейді.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Көк­­мойнақ» командасын маңғыс­тау­лықтардың атынан дүбірлі дода­дағы жеңісімен құттықтады. «12 күн­ге созылған «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонында елордадан Түркістан қаласына дейін 1 200 шақырымнан аса қашықтықты Маң­ғыстау облысы­ның «Көкмой­нақ» командасы бірін­ші бағын­ды­рып, өңір намысын қорғап, жеңімпаз атанды. Еліміздің барлық аймағынан келген 19 ко­манда сынға түскен жарыс жолында Түркістанға дейінгі жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер мен ауа райына шыдай алмаған командалар жорық­ты тоқтатты. Ал «Көкмойнақ» ко­ман­дасы жолдың қиындығына қара­мастан өздеріңіздің және жа­рысқа қосқан Адайдың қолтума жыл­қы­ларының мықтылығын көр­сеттіңіздер. Бұл жеңіс – өлкеміз үшін үлкен мақтаныш! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы дала жорығы» марафонының ерекше маңызын атап өтті. Мемлекет бас­шысы ұлттық дәстүрлер мен мәде­ниет­ті жаңғырту үшін осындай ауқымды іс-шаралардың қажет екенін атап өтті. «Ұлы дала жорығы» ұлттық рухты нығайтатын жобаға ай­­нал­ды деп сеніммен айтуға бола­ды», – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
шабандоз Адай жылқысы осы уақытқа дейін талай бәйгеде оза шауып келеді. Мәселен, 2010 жылы Қазақ­стан біріншілігінде бас жүлдеге ие болса, 2013 жылы Ресейдің Рязань қаласында өткен бәйгеде үздік атан­ды. Ал 2015 жылы Францияда дүние­­жүзілік бәйгеге қатысып, Ла­тын Америкасынан, Сауд Арабия­сынан келген кәсіби мамандардан жоғары бағасын алды.
«Көкмойнақ» командасының капитаны Ербол Ермағамбетов ала­ман бәйгенің қыр-сырымен бөлісті. ұзақ дайындалғанымыз жоқ. Бап­кер­лер додаға түсетін аттар­ды ірік­теген соң аз күнде барлығын реттеп, Астанаға аттанып кеттік. Жолда барлық жағдайға дайын болдық. Негізі, біздің командада бес ат до­даға қосылды, алайда оның бірі орта жолда сыр берді. Ережеге сәй­кес, біз алғашқы бес атпен 600 шақы­рымға жеткен соң келесі бес атқа ауысу­ға тиіс болдық. Алайда бір атымыздың жарысты тоқтатуына байланысты алғашқы межеден кейін қалған 600 шақы­рымға тек төрт атпен аттандық. Ең қиын аймақ Түркістан облысында болды. 35 шақырым бойы тау арасы­мен жүрдік. Жолдың бәрі оңай болған жоқ. Жолда тау мен тас, күннің ыстығы, Арқаның салқыны, бәрі әсер етті. Осыған қарамастан бары­мызды салдық», – деді Е. Ерма­ғам­бетов. Сонымен қатар ол барлық қолдаушыға ыстық ықыласын жеткізді. «Жолдағы қиындықтарға қарамастан, біздің шабандоздар мәре сызығын бірінші болып ат­тады. Біз жерлестеріміздің қолдауы­ның арқасында барлық кедергіні еңсеріп, ұлы дала тарихындағы бәйгеде бірінші болдық», – деді команда капитаны. Ал Адай жылқысын зерттеуші Күзембай Ерғалиев тұрғындарға ерек­ше жылқының шежіресін тар­қа­тып айтып берді. «ХVIII ғасырда Адайлардың Маңғыстауға екінші рет оралуы кезінде Адай жылқысын өсіру қолға алынды. Бұл тұқым ха­лық­тық селекциядан дүниеге келді. 2006 жылы Адай жылқысын қайта асылдандырып, көптеген қызмет қолға алынды. 2011-2018 жылдары Адай жылқысы 18 рет халықаралық жарысқа қаты­сып, 160 шақырым қашықтыққа дейін шауып, өзін дәлелдеп шық­ты», – деді зерттеуші.
Мерекелік жиын барысында облыс әкімі марафонға қатысушы­ларға алғысхат табыстап, ат мінгізді. «Ұлы дала сарбазы» атағын жеңіп алған шабандоздарға лайықты құрмет көрсетіліп, жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кетейік, додада екінші орынды Жетісу облысының шабандоздары ием­ден­се, үшінші орынды Түркістан об­лысы­ның командасы қанжы­ғасына байлады.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы