Кей кезде балалардың кітап оқудан алшақтап кеткені жайлы пікірлер жиі айтылады. Дегенмен жаңа заманның жаңа буыны құнды қазынадан алыс емес секілді. Әрбірінің білуге, тануға деген құштарлығы мол. Таяуда Астанадағы Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Ай сәулесімен кітап оқиық» атты кітапхана түні өтті. Біз де өзгелердей қызығушылық танытқан балалар аз болар деп болжағанбыз. Алайда жаңылыппыз, кітапханада адам қарасының көптігі сонша, ішіне бас сұғу қиын болды. Әуелде әдеттегі іс-шаралардағы тәрізді алдын ала шақырылғандар жүр деп ойлаған едік. Бірақ көзімізбен көріп, құлағымыз естігеннен кейін, бүлдіршіндердің кітапқа махаббаты ерекше екенін аңғардық. Іс-шара басында қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, мерекелік думан өтті. Қонақтардың біразы таң қалып, тамсанғанын көрдік. Кешкі сағат 19:00-ден 23:00-ге дейін, 4 сағат бойы кітап көрмесі, кітап алмасу мен шығармашылық кездесулер өтті. Кітапхананың әр бұрышында, әр залда адам лық толып, кей сөрелердің жанында кішігірім пікірталас болып жатқанын байқадық. Жалпы саны 200-ден астам адамның бір мезетте «кітап ордасына» жиылғаны тәнті қылды. Демек, қазір үлкен де, кіші де балалар әдебиетіне ерекше мән береді. Бұл тұста ұйымдастырушылардың тапқырлығына да дән риза болдық. «Мадагаскар» мультфильміндегі кейіпкерлердің костюмін киген жандар балаларды одан әрі қызықтырып, белсенді болуына ықпал етті. Бұдан соң жиын кітап авторларымен кездесуде жалғасты. «Менің қолтаңбам» кітапхана жобасының аясында балалар жазушысы Серікбол Хасан мен Толымбек Әбдірайым бүлдіршіндермен ашық әңгіме айтып, қызықты оқиғаларын баяндады. Жазушылардың қолтаңбасын алуға асыққан балаларды көріп, жас оқырмандардың қатары көбеймесе, азаймасына иландық.
– Маңызды кештің куәсі болып отырмыз. Кітап оқуды құр ұрандатып емес, осылай балаларды жан-жақты қызықтырып насихаттау керек. Балаға әсер ете алатын әңгіме айтып, тілін тапсақ, оларды тәрбиелеудің жолын білгеніміз. Кітапта барлық адамзатқа қажетті құндылық бар. Бүлдіршіндер оны білмейді емес, біледі. Жазушылармен кездесуде балалардың қалай сұрақ қойып, кітап ұстап шапқылап жүргенін көрдік. Бұдан асқан қуаныштың болуы мүмкін бе? Балалардың кітап арқалап жүргеніне қарасаңыз, бойыңызда болашаққа деген шексіз сенім пайда болады. Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз, – дейді Толымбек Әбдірайым.Оқушылар балалар ақыны Дария Жұмагелдинованың шығармашылығымен де белсене танысты. Сондай-ақ BookDating спикерлері, журналист, «Тұмар-2021» Ұлттық телевизиялық сыйлығының лауреаты Руслан Ыдырысов, ғалым Жақсылық Сәбитов, танымал радио және тележүргізуші Әйгерім Есенәлі сүйікті кітаптары туралы айтып, оқуды ұсынды. «Қара шаңырақ» ұлттық құндылықтарды нәсихаттау клубы мен «Қызғалдақ» қыздар клубының танымдық кездесулері де іс-шарадан тыс қалған жоқ.