«Орнынан тұра алмаған» – мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен жас жігітті дронмен іздеп тапты
«Орнынан тұра алмаған» – мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен жас жігітті дронмен іздеп тапты
Фото: medium.com
Ақтөбе облысында мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен жігіт екі күннен кейін табылды. КТК арнасының хабарлауынша, айдалада денсаулығы сыр беріп, жүруге мұршасы болмаған ол орман алқабында бүк түсіп жатып қалған. Мәртөк ауданының 18 жастағы тұрғыны өрістен қайтпаған сиырын іздеуге мотоциклмен шыққан. Сол кеткеннен бір күн бойы үйіне оралмапты. Ауылдастарынан «көрдім-білдім» деген жан болмаған соң, туыстары полициядан көмек сұраған. Елді мекендегі еріктілер бастап, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері ауыл айналасын шолып шығады. Алғашқы күні күн батқанша іздеген. Қараңғыда жұмысты тоқтатып, ертеңіне әкімдіктің дронымен орман алқаптарын бақылайды. Көктен іздеу кезінде жас жігіттің ағаш арасында қимылсыз жатқанын байқаған. Мал іздеуге шыққан жігіт іші түйіліп бір күн бойы орнынан тұра алмағанын айтады. Оны дереу аудандық ауруханаға жеткізді. Қазір оның жағдайы жақсы.
Ақтөбе облысы ТЖД инженері Азамат Дәрібаев: «Бірінші күні кеш батып кеткен соң іздеу тоқтатылды. Сағат сегіз жарымда келесі күні іздеуді қайта жалғастырып, аспанға дрон ұшырып, Жаркент ауылы маңынан таптық. Іші түйіліп ауырған екен, ауруханаға жатқыздық», – дейді.