Кентауда 168 адам астан уланып қалды

Кентауда 168 адам астан уланып қалды

Түркістан облысында 168 адам астан уланып, ауруханаға түсті. Олар 6-9 қазан аралығында Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтандыру орындарының бірінен тапсырыспен суши, пицца, фри және чикен алған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Инфекцияның нақты қандай тағамнан шыққаны әзірге белгісіз. Барлық тағамнан зертханалық сынамалар алынды. Қазір осы жайттан кейін қоғамдық тамақтану орны уақытша жабылды. Полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Кентау қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен полиция бөлімі аталған нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде, кәсіпкердің қажетті санитарлық құжаттары мен аспаздардың медициналық тексеруден өткені туралы анықтамалары жоқ болып шыққан. Айта кетейік, биыл дәл осы дәмханадан фаст-фуд тағамдарын жеген 8 адам астан уланып, ауруханаға түскен болатын.

«Жалпы, 145 науқас келіп тіркелді. Оның 98-і ауруханаға жатқызылды. 47 науқас амбулаторлық деңгейде тексерілуге жіберілді. Түркістан қаласына 31 науқас жатқызылды. Кентау қаласына 67 науқас жіберілді. Оның ішінде 5 жүкті әйел мен 33 бала бар. Бәрінің жағдайы бүгінде орташа ауырлықта. Бүгін жағдайы жақсарған науқастар үйлеріне жіберіледі», - дейді Түркістан облыстық  Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алтын Досанова.