Turan Barysy: Түркі мемлекеттерінің спортшылары Азия кубогында бақ сынайды
Turan Barysy: Түркі мемлекеттерінің спортшылары Азия кубогында бақ сынайды
397
оқылды
29 қазанда Түркістан қаласында  Olympic center  спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен Turan Barysy Азия кубогы өтеді. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының келесі өкілдері қатысады: Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Мажарстан және Қазақстан. Қазақ күресі балуандары 18 жастан асқан жеті адамнан тұратын командалар атынан сынға түседі. Спортшылар жеті салмақ санатында белдеседі: 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақта. Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өткізіледі. Бұдан бөлек,  Turan Barysy  жастарды спортқа тарту және ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау міндетін алға қояды. Qazaq kuresi  Қауымдастығының бас директоры Ербол Мырзабосынов қазақ күресі елдегі өскелең ұрпақты тәрбиелеу және мәдениетін арттыру негізі екеніне сенімді. Бұл турнир қазақ күресінің әлемдік аренада одан әрі дамуына серпін бермек.
«29 қазанда алғаш рет  Turan Barysy  турнирі өтетінін мәлімдейміз. Түркістан қаласы кездейсоқ таңдалмады. Ол қатысушы елдердің мүддесін біріктіретін түркі әлемінің астанасы саналады», – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетерлігі, бүгінде Қазақстанда 120 мыңнан астам бала мен жас осы спорт түрімен шұғылданады. Ұлттық спортты дәріптеу мақсатында шетелде 30 астам қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді.
«Тек Қазақстанның өзінде әртүрлі деңгейде 800 астам жарыс өткізіледі. Сонымен бірге халықаралық деңгейде Азия кубогы, Азия және әлем чемпионаттары секілді халықаралық турнирлер өтеді», – деп атап өтті  Qazaq kuresi  Қауымдастығының бас директоры.
Qazaqstan Barysy  қазақ күресін қолдау және дамыту қорының атқарушы директоры Серікбол Оразалиннің айтуынша, жарысқа 7 қатысушы елдің мықты балуандары қатысады.
 Qazaqstan Barysy  қоры 10 жыл бойы ұлттық спорт түрін қолдау және дамытумен айналысып келеді. Біз Қазақстан барысы, Әлем барысы, Еуразия барысы секілді чемпионаттардың әрі негізін қалаушы, әрі ұйымдастырушыларымыз. Қазір  Turan Barysy  жаңа жобасы жайлы мәлімдеп отырмыз. Мұндай іс-шаралар отандастарымыз бен шетелдік аудиторияның назарын Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүріне, ұлттық күреске аударады деп сеніммен айта аламыз. Жалпы, жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды», – деді Серікбол Оразалин.
Турнир ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен  Qazaqstan Barysy  қазақ күресін қолдау және дамыту қоры,  Qazaq kuresi қауымдастығы, «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры» КҚ ұйымдастырылып жатыр. Жанкүйерлер турнирді Qazsport және TRT Avaz телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады.