Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісімен кездесті
Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісімен кездесті
217
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландияның Қазақстан Респуб­ликасын­дағы Елшісі Кэтрин Джейн Личпен кез­десті. Кездесуді ашқан Мәулен Әшімбаев ұзақ жылдар бойы туған халқына адал қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета­ның қазасына байланысты тағы да көңіл айтты. Сенат Спикері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне англикан шіркеуінің бірқатар епископы қатысқанын назарға алып, форумға қолдау көрсеткені үшін Ұлыбританияға алғысын білдірді. Одан бөлек, кездесу барысында Сенат Төрағасы Қазақстан мен Ұлыбритания арасында дипло­матия­лық қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын, осы уақыт ішінде түрлі салаларда екіжақты ынтымақ­тастықты нығайтуға бағытталған бірлескен жобалар мен бағдарламалар табысты іске асырылғанын атап өтті.
«Биыл бізде Қазақстан мен Ұлыбритания ара­сын­дағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толады. Бұл – маңызды кезең. Осы жылдар ішінде екіжақты ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Өзара қарым-қатынастың тиімді тетігі қалыптасты. Алдағы уа­қытта біз парламентаралық байланысымызды арт­­тыруға және оны тереңдетуге мүдделіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтты. Мәулен Әшімбаев еліміздің саяси жүйесін демократияландыруға және Президент Жолдауын­дағы жаңа бастамаларға кеңінен тоқталып, қолға алынған өзгерістердің стратегиялық сипатына назар аударды. Өз кезегінде Кэтрин Лич Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын, ел Пре­зидентінің оларды іске асырудағы жүйелі тәсілін атап өтті. Сондай-ақ елші Парламент Сенатымен екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мә­селелері бойынша өзара байланысты кеңейтуге ерекше қызығушылық танытты.