Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кэтрин Джейн Личпен кездесті. Кездесуді ашқан Мәулен Әшімбаев ұзақ жылдар бойы туған халқына адал қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизаветаның қазасына байланысты тағы да көңіл айтты. Сенат Спикері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне англикан шіркеуінің бірқатар епископы қатысқанын назарға алып, форумға қолдау көрсеткені үшін Ұлыбританияға алғысын білдірді. Одан бөлек, кездесу барысында Сенат Төрағасы Қазақстан мен Ұлыбритания арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын, осы уақыт ішінде түрлі салаларда екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен жобалар мен бағдарламалар табысты іске асырылғанын атап өтті.
«Биыл бізде Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толады. Бұл – маңызды кезең. Осы жылдар ішінде екіжақты ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Өзара қарым-қатынастың тиімді тетігі қалыптасты. Алдағы уақытта біз парламентаралық байланысымызды арттыруға және оны тереңдетуге мүдделіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтты. Мәулен Әшімбаев еліміздің саяси жүйесін демократияландыруға және Президент Жолдауындағы жаңа бастамаларға кеңінен тоқталып, қолға алынған өзгерістердің стратегиялық сипатына назар аударды. Өз кезегінде Кэтрин Лич Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын, ел Президентінің оларды іске асырудағы жүйелі тәсілін атап өтті. Сондай-ақ елші Парламент Сенатымен екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша өзара байланысты кеңейтуге ерекше қызығушылық танытты.