Үкімет 128 миллиард теңгеден астам қаражат үнемдемек. Бұл жайында Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында ел Президентінің мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың еш қиындықсыз кейінге қалдыруға болатын шығыстарын қысқарту тапсырмасының орындалу барысы қаралды. Нәтижесінде, меморгандар мен ұлттық компанияларда басымдықты емес шығындар тым көп екені әшкереленіп отыр. Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, Мемлекет басшысы міндет қойғаннан кейін барлық шығыстар талданды және оларды қысқарту бойынша ұсыныстар әзірленді. – Осы ұсыныстар 2020 жыл бюджетін нақтылау және келесі 3 жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде жүзеге асырылады. Жалпы алғанда, 128,6 миллиард теңгенің өнімді емес шығысын оңтайландыру жөнінде ұсыныс түсті. Соның ішінде меморгандардан – 23 миллиард теңге, өңірлерден – 26,6 миллиард теңге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен 79 миллиард теңге алып қойылады, – деді ол. Осыдан бірнеше жыл бұрын, дағдарыс тұсында бюджет қаражаты тапшы болғандықтан ел Үкіметі дәл осындай қадамға барды. Салдарынан «қара тізімге» әлеуметтік нысандар да ілігіп, өңірлерде бастау алған мектеп, аурухана, балабақша құрылысы қаңтарылып тоқтап қалды. Бірақ Ә.Смайыловтың мәліметінше, бұл жолғы оңтайландыру өзгеше. – Мемлекеттік бюджеттен оңтайландыруға мынадай шығыстар ұсынылды: семинарлар, конференциялар өткізуге, автокөлік, жиһаз сатып алуға арналған шығыстар 4,2 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ іссапар, өкілдік шығыстар, талдамалық зерттеулерге көзделген 15,7 млрд теңге, өзге де өнімді емес шығыстар – 29,7 млрд теңге. Өз кезегінде Қаржы министрлігі инвестжобалардың толық және уақытылы игерілуін бағалау негізінде шығыстарды оңтайландыру бойынша қосымша ұсыныс әзірледі. Оған сәйкес, әкімшілермен бірге шығыстарды қосымша оңтайландыру мәселесі пысықталып, ол 2020 жылғы бюджетті нақтылау кезінде ескеріледі, – деді Ә.Смайылов. Өңір әкімдері шығындарын жалпы сомасы 26,6 млрд теңгеге азайтуға келіскен. Бірақ Үкімет мұны азсынып отыр. Сондықтан орталықтан ауыл-аймаққа берілетін трансферт қаржы да кемітілетін болды. «Қаржы министрлігі 2019 жылғы жергілікті бюджеттің игерілуі қорытындыларын қарады. Былтыр жергілікті бюджеттердің кірістері асыра орындалды. Яғни, профицит. Нәтижесінде, бос қалдықтар қалыптасты. Осыған байланысты республикалық бюджеттен аударылатын нысаналы трансферттер есебінен іске асырылатын жобалардағы өңірлердің қоса қаржыландыру үлесін тағы 7% ұлғайту ұсынылады. Тиісінше, республикалық бюджеттен 36,9 млрд теңге қаражат бөлінбей, қазынада қалады», – деді Бірінші вице-премьер. Былтыр 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті Парламентте қорғау барысында Үкімет дивиденд саясатын қайта қарау бойынша міндеттеме қабылдаған. Оның нәтижелері бюджетті нақтылау кезінде жария етілмек. Әзірге Ұлттық экономика министрлігі квазисектор кәсіпорындарының бюджетке төлейтін дивидендтері үлесін 50%-ға дейін жеткізу мәселесін пысықтауда. Бұл бюджетте жетпей жатқан қаржыны біраз толықтыруға тиіс. Үкімет басшысы Асқар Мамин ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар басшыларына директорлар кеңесті, басқарма отырыстары аясында шығыстарды қысқарту жөнінде тиісті корпоративтік шешімдерді қабылдауды тапсырды. – Ал жергілікті жерлерде әкімдіктер мәслихат арқылы төл бюджетінің шығыстарын қысқарту жөнінде шешім қабылдауы қажет, – деп жүктеді Асқар Мамин. Айхан ШӘРІП