Жамбыл облысында Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ ұрлаған 5 адам сотталды
Жамбыл облысында Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ ұрлаған 5 адам сотталды
228
оқылды
Жамбыл облысында Қаңтар оқиғасы кезінде Полиция департаменті ғимаратынан 208 млн теңгенің қару-жарағын ұрлаған 5 адам сотталды, – деп хабарлайды облыстық сот сайты. Тараз қаласының №2 сотында адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы қару мен оқ-дәрілерді жымқыру, заңсыз тасымалдау және сақтау (ҚР ҚК 291-б. 3-б. 4-т. 287-б. 2,3,4-, 291-б. 1-б.і, 287-б. 2,3,4-б.) бойынша 5 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Анықталғандай, 2022 жылы қаңтар айының 5-інен 6-на қараған түні сотталушылар И., Ә., С., Б., М. Тараз қаласында қирату, бұзу, мүлiктi жоюмен ұласқан жаппай тәртіпсіздіктердің болып жатқанын пайдаланып, Жамбыл облысы Полиция департаментінің ғимаратынан атыс қарулары мен оқ-дәрілерді жымқырған. И., Ә., С., Б. және М.-ның қылмыстық әрекеті салдарынан Жамбыл облысының Полиция департаментіне 208 480 580 теңге материалдық зиян келтірілген.
«Кінә іс бойынша жиналған дәлелдермен: куәлердің айғақтарымен, сот-баллистика сараптамасының қорытындысымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді» делінген сот мәліметінде.
Сотталушылар кінәсін мойындады. Жаза тағайындау кезінде жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың шын ниетпен өкінуі, мүліктік залалдың ерікті түрде өтелуі, сотты болмағандары назарға алынды. Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың төтенше жағдай кезінде жасалғаны белгіленді. «Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ қылмыстарға әрбір қатысушының рөлін ескере отырып, И., Б., С.-ға 3 жыл 6 айға, Ә.-ға 3 жылға, М.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деді Тараз қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.