Алматы облысында зираттың шойын қоршауын тонап жатыр
Алматы облысында зираттың шойын қоршауын тонап жатыр
Фото: видеодан скриншот
246
оқылды
Алматы облысы Ұзынағаш ауылының зиратында жиырма шақты бейіттің шойын қоршауын тонап кеткен. Шағымданушылардың айтуынша, ұрлыққа қатысты әлі жаза қолданылмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Almaty.tv тілшісінің айтуынша, ауыл тұрғындары полицияға арызданған. Қария Марат Қарабаев әр жұма әке-шешесінің басына келіп, Құран бағыштайды екен. Бірақ бұл жолы келгенімде «жүрегім қарс айырылды» дейді. Әлдебіреулер әкесі жатқан бейіттің шойын темірлерін тонап кетіпті. Айтуынша, бұл жерге немересін де жерлеген екен.
Ұзынағаш ауылының тұрғыны Марат Қарабаев: «1984 жылы қойдық мынаны, адам болса ондай істемейді. Қанша қоршауды алып кеткен, ешкім іздемейді», – деді.
Полицияға арыз жазғанына жиырма күнге жуықтаған. Жедел тергеу тобы арыз түскеннен бері күні-түні жұмыс жүргізіп жатқанын айтады.
«Бұл факті бойынша биыл 24 қыркүйекте арыз түскен. Ол бойынша бізде қылмыстық іс тіркелді, тергеліп жатыр. Шақыруларыңыз бойынша жедел тергеу тобы келді, қазір оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», – деді Жамбыл АПБ бастығының орынбасары Жарқын Есжанов.
«Моланың қоршауын сататындар алдымен темір алатын орындарға баруы мүмкін», – дейді арызданушылар. Алайда металл сынықтарын қабылдайтын орындар шойын алмайды екен. Полиция бейіті тоналғандардың жақындарын іздеп, оларды хабардар етуді қолға алмақ.