Nur Otan партиясының басшылығы Павлодарда
Nur Otan партиясының басшылығы Павлодарда
215
оқылды
Nur Otan партиясы төра­ғасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өңір­лерге сапары жалғасуда. Ол Павлодар облысының шал­ғайдағы бірқатар елді ме­кенінің тұрғындарымен кез­десіп, көкейкесті мәселелерді сол жерде талқылап, шешімін бірге қарастырды. Жұмыс сапарының бірін­ші күні Бауыржан Байбек Новочер­ноярка ауылының тұрғын­дары­мен кездесті. Мұнда 16 көп­қабатты тұр­ғын үйдің 800-ге жуық тұр­ғыны орталық жылыту жүйесінсіз тұрып жатыр. Ауыл тұрғындары бұл мә­селені осыған дейін бірнеше рет көтерген, тіпті партияның қо­ғамдық қабылдауы арқылы да қозғаған екен. – Тұрғындармен бірге осы мәселенің шешу жолдарын тал­қы­ладық. Аймақ басшылығы ауылда жылыту қазандығы салынады деп сөз берді. Бұл аталған тұр­ғын үйлерден бөлек тағы да 5 әлеу­меттік нысанды, оның ішінде таяу маңда орналасқан мектепті, ба­ла­бақшаны және дәрігерлік ам­була­торияны жылытумен қамтамасыз етпек. Оның орындалуын Nur Otan өз бақылауына алды, – деді Бауыржан Байбек Facebook парақ­шасында. Оның айтуынша, Павлодар облысына сапарға шығар алдында ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі­лер материалдары арқылы өңірдің көкейкесті мәселелерімен мұқият танысқан. Билеуші партия төра­ғасының Бірінші орынбасары бірнеше жылдан бері облыс орталығында «Екінші Павлодар» ықшамауданындағы жеке тұрғын үйлерді еріген және жерасты су­лары деңгейінің көтерілуі салда­рынан су басуы мәселесіне назар аударды. Мәселенің өзектілігі ескеріле отырып, облыстың жаңа әкімі­мен тұрғындардың кездесуі ұйым­дастырылды. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, мәселені жүйелі және жан-жақты шешу үшін тиісті мамандар мен сарап­шылар тартылатын болады. Со­ны­мен қатар 8 шақырым кәріз же­лі­лерін тарту және тағы 10 ша­­қырым коммуникацияны салу үшін жобалық-сметалық құжат­тама әзірленеді. Бұдан бұ­рын жерасты суларының дең­гейін тө­мендету үшін 5 құдық бұрғыланып, су сақ­тау шұңқыры салынған, 3 сорғы станса орна­тылған. Кездесуде жергілікті тұрғын­дар монополист компания «Павлодар су каналы» ЖШС-на қарата тарифтердің, суды есептеу аспаптары құнының айқындығына қатысты наразылығын да білдірді. Бауыржан Байбек өз кезегінде таяу уақытта партия алаңында барлық мүдделі органдардың қа­тысуымен ашық партиялық тың­дау өткізуді тапсырды. Жұмыс сапары барысында партия төрағасының Бірінші орынбасары «Мұнайхим» кәсіп­орнының қызметкерлерімен де кез­десті. Мұнда әлеуметтік және ең­бек құқықтарын қорғау саласын­дағы өзекті мәселелер талқы­ланды. Бауыржан Байбек Ел­ба­сы бас­тамасымен қолға алын­ған индус­триаландыру бағ­­дар­­лама­сының арқасында өңір­де мың­­даған жұмыс орнының ашыл­ға­нын тілге тиек етті. – Жұмыспен қамтумен қатар жайлы және қауіпсіз еңбек жағ­дайын жасау қажет. Бұл үшін бастауыш партия ұйым­дары кәсіподақтармен бірлесіп кәсіпорын басшылығына туын­­даған мәселелер мен қызмет­керлердің ұсыныс-тілектерін уа­қытылы жеткізіп отыруы тиіс. Бұл ретте бірде-бір сұрақты назардан тыс қалдыруға болмайды. Прези­дентіміздің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасының нақты іске асуы д­е­геніміз осы, – деп атап өтті ол. Сонымен қатар Бауыржан Байбек Павлодар облысындағы партия активімен кездесу өткізіп, онда сәуір-мамыр айларында ашық ішкі партиялық сайлау – праймериз өткізуге дайындық барысы туралы пікір алысты. – Партиямыздың лидері, Елбасының тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарға ұсынылатын тізімді түзу кезінде онда әйелдердің 30%-дан, ал 35 жасқа дейінгі жастардың 20%-дан кем болмауына қол жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ мәслихаттарға басқа да әлеуметтік топ өкілдері ұсынылуы тиіс. Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар жандар, көпбалалы аналар және тағы басқалары қамтылуы керек. Бұл ретте қоғамдық пікір көш­басшыларын және үкіметтік емес ұйымдардың ел ішінде сөзі өтімді, жұртшылықтың сеніміне ие болған өкілдерін ілгерілетуге баса назар аударылады. Біздің қағидатымыз – «Жі­герлі лидерлер – қуатты партия». Азаматтық қоғаммен қоян-қол­тық араласып, өзара бір­лесе әрекет ету ғана азаматтары­мыз­дың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге жол ашатынына сенімдімін! – деп мәлімдеді пар­тия төрағасының Бірінші орынбасары. Кезектен тыс конференция барысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Жұмыс сапарының бірінші күнін қорытындылай келе, Бауыр­жан Байбек партияның қоғам­дық қабылдау бөлмелеріне павлодар­лықтардан келіп түскен өті­ніштерді сараптау арқылы шеші­мін күткен бірінші кезектегі мін­деттердің ауқымы анықталға­нын атап өтті. Бұлар – әлеуметтік қамту, білім беру, денсаулық сақ­тау, қоршаған ортаны қорғау сапасы, сондай-ақ тұрғын үй қоры­ның мардымсыз жағдайы, елді мекендерді абаттандыру және тағы да басқа көптеген мәселе. – Азаматтарымызды алаңда­тып отырған мәселелер бүгінде әзірленіп жатқан аймақ­ты да­мытудың 5 жылдық бағдар­ла­масына енгізіледі. Біз әр қала­ны, ауданды және ауылды қамту­ды жоспарлап отырмыз. Осы ба­ғыттағы жұмыстарды партия ор­талық және жергілікті мем­ле­кеттік органдармен бірлесе оты­рып бірнеше айдан бері жүр­гізіп те келеді. Nur Otan түйінді мәселелерге құлақ асып қана қой­май, оларды шешу үшін нақты ша­раларды қолға алуы керек. Ол үшін бізде қажетті ресурстар бар, ең бастысы, қарапайым халық қолдап отыр, – деді Бауыржан Байбек.   Ерке ЕРҚОҢЫР