Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
– Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын көрінісі. Сондай-ақ, жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Қатар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Болашақта да қазақ-қатар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.Өз кезегінде Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, алдағы Республика күні мерекесімен құттықтады. Қатар әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ көпжақты құрылымдар бойынша, оның ішінде АӨСШК аясындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін жеткізді. Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшылары бірқатар құжатқа қол қойды.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Дипломатиялық және арнайы паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Білім және жоғары білім министрлігінің арасындағы жоғары білім саласы және ғылыми зерттеулер бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
- Астана қаласының әкімдігі мен Доха қаласының муниципалитеті арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Сауда және индустрия министрлігі арасындағы сауда саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасында денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Муниципалитет министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрілігінің Метрология және стандарттау институты мен Қатар Мемлекетінің Стандарттау бас ұйымы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Спорт және жастар министрлігі арасындағы спорт саласы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған алғашқы атқарушы бағдарлама;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Мәдениет министрлігі арасындағы мәдениет және өнер саласындағы 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қатар Мемлекетінің туризм жөніндегі ұлттық кеңесі арасындағы туризм саласы және маркетинг шаралары бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.
- Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қатар Мемлекеті Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия институты арасындағы дипломаттарды даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум.