Мәжіліс депутаттары бала күтіміне төленетін жәрдемақыны 3 жылға дейін ұзартуды ұсынды
Мәжіліс депутаттары бала күтіміне төленетін жәрдемақыны 3 жылға дейін ұзартуды ұсынды
Фото: АР
441
оқылды
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары ана мен баланы дамыту мәселесін ұлттық басымдық деп жариялауды және оған қатысты ұлттық жоба қабылдауды ұсынды.  Бүгін Мәжілістің кезекті отырысында депутат Айжан Сқақова, Президент 2022 жылды балалар жылы деп жариялағанына қарамастан, бала мен анаға қатысты мәселелер орталық уәкілетті мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалып отырғанын айтты. Депутат аталған сала бойынша көрсетілетін әлеуметтік көмектің жеткіліксіз екенін алға тартты. Оның айтуынша, адами капиталға инвестиция салу идеологиясына негізделген ана мен бала дамуына бағытталған түбегейлі жаңа көзқарас пен тұжырымдама қажет. Сондай-ақ ол ҚХП фракциясы осы мәселеге бірнеше рет Үкімет назарын аударуға тырысқанмен, әлі күнге дейін ұлттық стратегия немесе балалар кедейлігін жоюға қатысты бағдарлама түріндегі нақты жауап пен ұсыныс жоқ екеніне тоқталды.
«Іс жүзінде Қазақстанда миллиондаған бала кедейлікте өмір сүріп жаьтыр. ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, бұл елдегі әрбір алтыншы бала. Бұл ешқандай мемлекеттік органмен бекітілмеген құрғақ сандар болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл сандардың артында миллиондаған кішкентай қазақстандықтың өмірі тұр», – деді Айжан Сқақова.
Мәжіліс депутаты балалар жылы аясында Президент бастамасымен қабылданған «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламаға да тоқталып өтті. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-і 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақтау шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударылып тұратын болады.
«Өкінішке қарай, Үкіметте балалардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған осындай жобаларды жүзеге асырудың стратегиялық көзқарасы мен жаңа тәсілдері әлі де жоқ. Сонымен қатар, халықтың нақты табысының төмендеуі, бірінші кезектегі тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі, спорттық, мәдени, ғылыми-техникалық секциялар мен үйірмелер түріндегі балаларды дамытудың сапалы және қолжетімді инфрақұрылымының болмауы елдің барлық балаларының – көпбалалы және толық емес отбасылардың толыққанды дамуына кедергі келтіреді. Елімізде балаларға қажетті «ArtSport» дамыту бағдарламасы іске қосылды. Алайда, оны жүзеге асыруда біршама мәселе туындады», – деді Сқақова.
Оның айтуынша, бүгінде адами капиталды дамытуға негізделген оның ішінде балаларға бағытталған ұзақ мерзімді (орта есеппен 20 жылдық) инвестициялардың жаңа моделі қажет. Депутат «Ана мен баланы дамытуға бағытталған инвестициялар» ұлттық жобасын қабылдау туралы ұсыныс білдірді. Жобаның бірінші кезеңін балалар кедейлігін жоюдың ұлттық бағдарламасын қабылдауға бағыттауды  қажет деді. Сондай-ақ, ҚХП депутаттары бала күтіміне берілетін жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартуды және барлық балаларға қолдау ретінде 18 жасқа дейінгі әмбебап балалар жәрдемақысын енгізуді ұсынды.