Жарамсыз көліктен пайда табыңыз
Жарамсыз көліктен пайда табыңыз
179
оқылды
Тозығы жеткен көлікті қайта өңдеуге өткізу – да­мыған елдерде бар тәжірибе. Мақсат – экологияны ласта­мау, жүргізушілердің өмірін қауіптен сақтау. Одан басқа да пайдалы тұстары жетерлік. Еуропалық сарап­шылардың пікірінше, ескі көліктердің металын қайта өңдеуге шикізатты өңдеуге қарағанда 75 пайыз аз энергия жұмсалады. Бір ғана Еуропаның өзінде жыл сайын 10 миллиондай көлік қайта өңдеуге өткізіледі екен. Ес­кі көліктердің орташа «жасы» – 10 жылдың шамасында. Ал әлем бойынша 1 жылда 30 миллионнан астам көлік қайта өңдеу орталық­тарынан орын табады. 1997 жылғы еуропалық ко­мис­сияның ұсынысынан кейін Еуропа елдері ескі көлікті қайта өңдеудің тиімділігін арттыру бо­йынша қарқынды жұмыстар ат­қарды. Одан кейінгі ескі көлікті қайта өңдеу тәжірибесі 2008 жыл­ғы әлемдік экономикалық дағ­да­рыс кезінде жолға қойылды. Мә­селен, 2009 жылы АҚШ-та «Клун­кенлерге нақты ақша» (Cash for clunkers) деген жаңа кө­лік алуға жеңілдік қарастыратын жәрдемақы берілді. Нәтижесінде, экологияға зиянды делінген көп­теген көлік қайта өңдеу орталық­тарына жөнелтілді. Ал Қытайда «Ескі көліктен жаңа көлікке» де­ген бағдарлама жасалды. 2010 жы­лы «Тозығы жеткен көлікке қол­ма-қол ақша» деген бағдар­лама қабылданып, жаңа көлік са­тып алуға субсидия беру мақса­тында 6,41 млрд юань ($1,1 млрд) бөлген болатын. Ал Германия бол­са әрбір қайта өңдеуге әке­лінген көлікке 2500 евродан берді. Жалпы, Германия бұл мақсатқа 5 млрд евро қаражат жұмсады. Бірақ кейін бұл бағдарламаны тоқтатып, ескі көлікке қыруар қаржы жұмсауды доғарды. Бір ғана Германияның өзінде 15 мыңға тарта қайта өңдеуге өткізу орталығы жұмыс істейді екен. 200-ге жуық зауыт іске қосылған. Еуропаның көптеген елінде ескі көлікті қайта өңдеу орталығына апарып тапсырмағандар үшін 75 мың евроға дейін айыппұл қа­растырылған. Тіпті, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруы да мүмкін.  

Қазақстанда қалай?

«Қазақстандық АвтоБизнес ассоциациясының» 2019 жылдың тамызына дейінгі дерегі бойынша, елімізде 4 566 198 қозғалыс құралы тіркелген. Оның жартысынан ас­тамының, яғни 2 484 161-інің «жасы» 20 жылдан асқан. Ал үш жылдан он жылға дейін қолданып жүрген көліктер саны – 918 324. Жаңа көлік санатына жататын­дары, яғни 3 жылға дейінгі көлік саны небәрі 176 661 болған. Дамыған елдердегі қайта өңдеуге жіберілетін көліктердің орташа «жасы» он жыл екенін ескерсек, еуростандарт бойынша біздің елдегі жарамды көліктер жалпы тіркелген көліктің 5 пайызына да жетпейтініне көз жеткіземіз. Бұл сандар Қазақстандағы ескі кө­ліктерді қайта өңдеудің қанша­лықты маңызды екенін көрсетсе керек.    width=   Қазақстандағы ескі көлік иелері 2016 жылдан бастап көлік­терін қайта өңдеуге өткізіп, өте­мақы ала бастады. Бастапқыда тек жеңіл көлік түрін ғана өткізуге мүмкіндік болып, әрі оған макси­мум 150 мың теңгеге дейінгі өте­ма­қы алу мүмкін болса, 2017 жыл­д­ан бастап жүк көліктері мен адам тасуға арналған көліктерге де өте­мақы қарастырылды. Әрі кө­лік­тің санатына байланысты әртүрлі сома белгіленетін болды. Республика бойынша 17 орта­лық жұмыс істейді. Олардың бар­лы­ғы­ның жұмысын «Оператор РОП» ЖШС үйлестіріп отыр. 2016 жылдың 21 қарашасынан 2018 жылдың 1 наурызына дейінгі аралықта 44 мыңнан астам көлік қайта өңдеу орталықтарына өт­кі­зілген. Олардың орта «жасы» – 35-40 жылды құраған. «Оператор РОП» ЖШС бұған 6,6 млрд теңге жұмсаған. Қазақстандағы бірінші әрі жалғыз көлікті утилизациялайтын зауыт Қарағандыда ашылды. Зауытты іске қосудың бірінші кезеңі 2017 жылы іске асты.  

Ескі көлікті бәрібір қайта өңдеу керек

Ескі көлікті қайта өңдеуге өт­кізу процесі биыл да өз жалғасын табуда. Энергетика министр­лі­гінің тапсырмасымен жасалған бағдарлама бойынша, қайта өңдеуге өткізген көлікке құны 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейінгі сертификат алуға болады. Ол сер­тификатты отандық өндірушілер құрастырған көлікті сатып алуға пайдалана аласыз. Сертифи­катыңыз алған күннен бастап бір жылға дейін жарамды. Көлікті қайта өңдеуге өткізуде шыққан жылына немесе моделіне байла­нысты ешқандай да шектеу жоқ. Тек бағдарламада көрсетілгендей көліктің негізгі деген бөліктері бар болса болғаны. Көлігіңізді қайта өңдеуге өткіземін деп есептен шығарасыз да, барлық құжатты алып қайта өңдеуге қабылдау орталығына барасыз.  

ТҮЙІН:

 

Әрине, ел халқының мініп жүрген көлігінің көбі ескі екенін білеміз. Автонесие алуға бұқа­ра­ның бәрінің бірдей қалтасы кө­тере қоймайтыны тағы бар. Бәл­кім, содан да шығар, сәл арзан болғаны үшін Армения­дан, Қырғыз Республикасы  мен Ресейден көлік тасығанбыз. Ол көліктерді тіркеу де күрделі мәсе­леге ай­нал­­ғанын жұрт біледі. Әрі олар да ескі. Демек, оларды да қай­та өң­деуге өткізуге мәжбүр бо­ла­мыз деген сөз.

  Жолдас ӘДІЛХАН