Шегірткенің шабуылына дайынбыз ба?
Шегірткенің шабуылына дайынбыз ба?
604
оқылды
«Шегірткеден қорыққан егін екпес» де­ген сөз бар. Десе де, биыл қанатты жән­діктің сұсы басым. Африка құрлығы мен Оңтүстік Азияда қаптаған қалың шегіртке егістікті отап, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқ­сан келтіруде. Ғалымдар мұны ширек ғасыр ішіндегі алапат шабуыл деп бағалап отыр. Айдаладағы Африкадағы жағдайдың бізге қандай қатысы бар дерсіз. Рас, қара құрлықтағы зиянкес бізге келмесе де, жыл сайын Орталық Азия мен Ресейдің егістік алқабын көктеп өтетін жергілікті жәндіктен келетін зиянның өзі жеткілікті. Оның үстіне, шегіртке бір күнде 200 шақырымға дейін ұшып бара алатын қабілетке ие. Мәселен, 2019 жылдың басында Йеменде, Сауд Арабиясы мен Иранда байқалған жәндік тез көбейіп, жыл соңына қарай Африканың шығысына жетіп үлгерген. Ал екі құрлықтың ортасында ені 200-300 шақырымдық Қызыл теңіз жатқаны белгілі. 2003-2005 жылдары үйірлі шегіртке Батыс Африкадағы егістік алқаптарын жалмап, 2,5 млрд доллардың өнімін құртып кеткен. Яғни, бұл жолғысы қалың тобымен қайта оралған беті деуге де болатындай. Табиғатта шегіртке жәндігі үйірлі және саяқ деп екі түрге бөлінеді. «Ыршып жүріп ән сала­тын» саяқ түрінен аса қауіп жоқ. Әйтсе де, тұтаса ұшып, қаптай қо­на­тын үйірлі шегіртке көші кел­месін деңіз. Егіннен егін, шөптен шөп қалмасы анық. Әдетте, қыстың соңы, көктем­нің басында біздің қоғамның на­зарын аударып, құзырлы орындар қамданатын екі жайт бар. Ше­гірткеге және жемқорлыққа қарсы күрес күшейеді. Екеуі де қазы­на­ның жауы саналғанымен, шегірт­кенің зияны – бірмаусымдық қана. Ал жемқорлар жыл он екі ай жатпайды-ақ.    width= Айтқандай, шегірткенің әле­гіне елімізде бірнеше шенеунік шырмалғаны да есте. 1999 жылдың жазында үйірлі жәндік солтүс­тік­тегі астықты алқапты ақтап болып, ел астанасына да кіріп кетті. Осы оқиғадан кейін сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Жәнібек Кәрібжанов отставкаға кетіп, орнына келген Сауат Мыңбаев жаз бойы зиянкестермен алысып, оларға қарсы себілген дәрі-дәрмектен де қайран болмаған. Рас, соңғы жылдары шегір­т­кенің алапат шабуылының беті қайтқандай. Бірақ Үкімет сақтық шарасы ретінде бюджеттен қаржы бөліп, алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрады. Мәселен, 2014 жылы шегірткеге қарсы 2,9 млрд теңге бөлінсе, 2015 жылы – 3,7 млрд теңге, 2016 жылы – 2,7 млрд теңге,  2017 жылы – 1,5 млрд теңге, 2018 жылы – 3,57 млрд теңге, 2019 жылы 2,1 млрд теңге қа­растырылыпты. Биыл да қамсыз емеспіз. Ауыл шаруашылығы министрлігі бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, өңірлерде шегіртке тектес зиян­кестердің таралуына жол бермеу үшін алдын ала дайындық жұ­мыстары басталды. «Республи­калық фитосанитарлық диагнос­тика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-нің мәліметі бо­йынша, осы жылы зиянкестер 500 мың гектардан аса алқапқа зиян келтіруі мүмкін деген бол­жам бар. Осыған орай, бюджеттен 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Аталған қаражат пестицидтерді және хи­миялық өңдеулер жөнін­дегі қызмет көрсетулерді сатып алуға мүмкіндік береді. Қоймада пестицидтердің 47,5 мың литр қо­ры бар. Яғни, дайындық жаман емес.  

Үкімет сақтық шарасы ретінде бюджеттен қаржы бөліп, алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрады. Мәселен, 2014 жылы шегірткеге қарсы 2,9 млрд теңге бөлінсе, 2015 жылы – 3,7 млрд теңге, 2016 жылы – 2,7 млрд теңге, 2017 жылы – 1,5 млрд теңге, 2018 жылы – 3,57 млрд теңге, 2019 жылы 2,1 млрд теңге қарастырылыпты.

  Дегенмен Африканың шығы­сын шуылдатып жатқан қалың шегірткенің беті қатты. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы биыл Африкадағы шегірт­кенің әлден жылдам көбеюіне қарап, маусым айына дейін саны 500 есе арта ма деген болжам айтып отыр. Желтоқсан айының аяғында зиянкес жәндік Сомали мен Эфио­пияда 70 мың га жерді за­қымдап үлгеріпті. Ал Кенияға қонған үйірі 40 шақырымдық аумақты тұтас жапқан. Аталған үш мемлекет Африка құрлығының те­ңізбен шектесетін тұсындағы то­пырағы құнарлы елдер. Кения – әлемге шай экспорттаумен аты мәлім мемлекет. Онсыз да азық тапшы­лығын тартып отырған құрлықтың шаруашылығын шегіртке жалмаса, әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі шығын келері анық. БҰҰ қара құрлықта қалыптасып отыр­ған ахуалдың қиын екенін ес­кер­тіп, донор мемлекеттерден шұғыл түрде қосымша көмек беруді сұрап отыр. Ұйымның бағалауынша, зиянкестерге қарсы күреске 70 млн доллардай қаражат керек. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметінше, дәл қазіргі сәтте 2 459,2 мың тонна астық тұқымы даярланған. Оның 1 936,0 мың тоннасы – дәнді дақылдарға, 89,1 мың тоннасы – майлы да­қылдарға, 15,2 мың тоннасы – жемшөпке, 417,6 мын тоннасы картопқа арналған тұқым. Ендігі міндет шегіртке тектес зиянды жәндіктерге қарсы іс-шараны жүйелі әрі уақытында ұйымдас­тырып, қауіптің алдын алу.      width= Валерий ӘЖБЕНОВ,  биология ғылымдарының докторы,  профессор, академик: – Бізде ше­гірт­ке және басқа да зиянкестерді жоюға арналған дәрілерді да­йын­дайтын хи­мия­лық зауыт жоқ. Бірақ біз басқа елдердің пре­параттарын екі-үш жыл сы­нақтан өткізіп, тиімдісін өнер­кәсіпте пайдаланып отыр­мыз. Мысалы, отандық фир­малар Степногорск қаласында хи­миялық препараттардың әсер ететін заттарына өзіміздің елде өндірілетін қоспалар қосылады. Менің ойымша, осы кәсіпо­рынның жұмысын жетілдіре түсу керек. Неге біз жыл сайын ше­гірткеге, басқа да аса қауіпті зиянкестерге қарсы көптеген қаражат жұмсаймыз? Ең алды­мен мынаны түсінген жөн. Шегіртке болсын, басқа да жәндіктерді 100% құртып жіберу мүмкін емес. Өйткені ше­гірткенің табиғатта өз орны бар. Біріншіден, шегірткенің өзі белгілі бір дәрежеде топырақты өңдейді, екіншіден, басқа жән­діктерге, құстарға қорек. Бұл –  жа­ратылыс заңы. Қазір еш­қан­дай мемлекет оны түпкілікті жойып жіберуді қарастырып отырған жоқ. Себебі шегірткеге қарсы химиялық дәрілердің басқа жәндіктерді де улау қаупі жоғары, табиғатқа пайдалы ол жәндіктер құрып кетуі мүмкін. Сондықтан оған қарсы күресте ғалымдардың көзқарасын, ең­бегін ескерген жөн.    width=Бауыржан БАЗАР