«Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген сөз бар. Десе де, биыл қанатты жәндіктің сұсы басым. Африка құрлығы мен Оңтүстік Азияда қаптаған қалың шегіртке егістікті отап, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Ғалымдар мұны ширек ғасыр ішіндегі алапат шабуыл деп бағалап отыр.
Айдаладағы Африкадағы жағдайдың бізге қандай қатысы бар дерсіз. Рас, қара құрлықтағы зиянкес бізге келмесе де, жыл сайын Орталық Азия мен Ресейдің егістік алқабын көктеп өтетін жергілікті жәндіктен келетін зиянның өзі жеткілікті. Оның үстіне, шегіртке бір күнде 200 шақырымға дейін ұшып бара алатын қабілетке ие. Мәселен, 2019 жылдың басында Йеменде, Сауд Арабиясы мен Иранда байқалған жәндік тез көбейіп, жыл соңына қарай Африканың шығысына жетіп үлгерген. Ал екі құрлықтың ортасында ені 200-300 шақырымдық Қызыл теңіз жатқаны белгілі. 2003-2005 жылдары үйірлі шегіртке Батыс Африкадағы егістік алқаптарын жалмап, 2,5 млрд доллардың өнімін құртып кеткен. Яғни, бұл жолғысы қалың тобымен қайта оралған беті деуге де болатындай.
Табиғатта шегіртке жәндігі үйірлі және саяқ деп екі түрге бөлінеді. «Ыршып жүріп ән салатын» саяқ түрінен аса қауіп жоқ. Әйтсе де, тұтаса ұшып, қаптай қонатын үйірлі шегіртке көші келмесін деңіз. Егіннен егін, шөптен шөп қалмасы анық.
Әдетте, қыстың соңы, көктемнің басында біздің қоғамның назарын аударып, құзырлы орындар қамданатын екі жайт бар. Шегірткеге және жемқорлыққа қарсы күрес күшейеді. Екеуі де қазынаның жауы саналғанымен, шегірткенің зияны – бірмаусымдық қана. Ал жемқорлар жыл он екі ай жатпайды-ақ.
Үкімет сақтық шарасы ретінде бюджеттен қаржы бөліп, алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрады. Мәселен, 2014 жылы шегірткеге қарсы 2,9 млрд теңге бөлінсе, 2015 жылы – 3,7 млрд теңге, 2016 жылы – 2,7 млрд теңге, 2017 жылы – 1,5 млрд теңге, 2018 жылы – 3,57 млрд теңге, 2019 жылы 2,1 млрд теңге қарастырылыпты.
Дегенмен Африканың шығысын шуылдатып жатқан қалың шегірткенің беті қатты. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы биыл Африкадағы шегірткенің әлден жылдам көбеюіне қарап, маусым айына дейін саны 500 есе арта ма деген болжам айтып отыр. Желтоқсан айының аяғында зиянкес жәндік Сомали мен Эфиопияда 70 мың га жерді зақымдап үлгеріпті. Ал Кенияға қонған үйірі 40 шақырымдық аумақты тұтас жапқан. Аталған үш мемлекет Африка құрлығының теңізбен шектесетін тұсындағы топырағы құнарлы елдер. Кения – әлемге шай экспорттаумен аты мәлім мемлекет. Онсыз да азық тапшылығын тартып отырған құрлықтың шаруашылығын шегіртке жалмаса, әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі шығын келері анық. БҰҰ қара құрлықта қалыптасып отырған ахуалдың қиын екенін ескертіп, донор мемлекеттерден шұғыл түрде қосымша көмек беруді сұрап отыр. Ұйымның бағалауынша, зиянкестерге қарсы күреске 70 млн доллардай қаражат керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, дәл қазіргі сәтте 2 459,2 мың тонна астық тұқымы даярланған. Оның 1 936,0 мың тоннасы – дәнді дақылдарға, 89,1 мың тоннасы – майлы дақылдарға, 15,2 мың тоннасы – жемшөпке, 417,6 мын тоннасы картопқа арналған тұқым. Ендігі міндет шегіртке тектес зиянды жәндіктерге қарсы іс-шараны жүйелі әрі уақытында ұйымдастырып, қауіптің алдын алу.