Жолы болмаған жобалар
Жолы болмаған жобалар
265
оқылды
Индустриалды-ин­нова­ция­лық мемлекеттік даму бағ­дарламасы аясында ашыл­­ған жо­баларға қатысты сын көп ай­тылады. Бұл – бағдар­ла­ма­ның алғашқы жобасының бәрі бірдей жұмыс істеп кетпеуімен бай­ланысты болса керек. Бюджеттен миллиардтар берілген жобалардың жол ортада жабылып қалғанын ел  ұмыт­­қан жоқ. «Бір құмалақ бір қарын май­ды шірітеді» демекші, өрге басқан өзге жо­ба­лар бола тұра, бұл бағдарлама та­рихта атышулы 72 жобасымен қалатын сияқты. Әйтпесе, бағ­дар­ламаны пайдасыз демес едік. Олай болса, бағдар­ла­ма­ның осы бір әлсіз тұсын ұмыттыру үшін Үкіметке  көп жұ­мыс істеуге тура келеді. Бағдарлама қолға алынғалы бері елімізде мыңнан астам кәсіпорын іс­ке қосылды, осы мақсатта 6 трлн тең­геге жуық қаржы жұмсалды. Бұл – рес­публикалық бюджеттің тең жар­тысына ба­ра-бар ақша. Бағдарлама экономиканы әр­тараптандыруға бағытталған. Бағдар­ла­маның бірінші бесжылдығында (2010-2014 жж) 800 жоба іске қосылып, 75 мың­дай жұмыс орны құрылды. Ал екін­ші бесжылдығында (2015-2019жж) әлем на­рығындағы қиындықпен тұспа-тұс келдік те, бағдарламаға түзетулер енгіздік. Отандық кәсіпорындарды қолдаудың мақсаты мен жүйесін өз­гертіп, өнімділікке, экспортқа басымдық беріп, инновацияны енгізуді маңызды бағдарға айналдырдық. Жалпы, бағдар­ламаның мақсаты жаман емес. Бірақ ол қалай жүзеге асады – мәсе­ле сонда. Жекелеген жобаларға кел­генде мақ­тана алмайтын халдеміз. Еске түсірсек, осыдан 3 жыл бұрын Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Үде­мелі индустриалды-инновациялық бағ­дарламаның 72 жобасының тоқтап тұрғаны жария болды. Әрине, бірқатар жобаның жағдайы мәз емес екені екеуара әңгімеде айтылғанымен, биік мінберге жете қоймаған еді. Бірақ бір емес, ба­қандай 72 жобаның тоқтап тұрғанын Елбасының өзі мәлімдеп, осыған қатысты  біраз шенеунікке сөгіс берген.  

Елбасы ашқан жобалар

Бірден басын ашып алу керек, Елбасы лентасын қиған «ғұмыры» қысқа жобалардың арасында ИИДМБ-на кірмегені де бар. Мы­салы, 1997 жылы ашылған «Тұл­пар» автомобиль зауыты бір жыл­дан соң жабылған, оған 1 млн АҚШ дол­лары жұмсалған еді. Қа­зақстанның «Достық-Интеравто» мен Оңтүстік Кореяның LG International ком­панияларының бір­лескен жобасы жылына 40 мың көлік шығаратын болған. Бірақ бұл зауыттың шамасы Елбасыға сыйлаған көлікті шығаруға ғана жеткен сияқты. 2003 жылы ашылған Балқаш мырыш зауыты алты жыл ғана жұ­мыс істеді. Сөйтіп, 120 млн доллар жел­ге ұшты. Ең қызығы, «Үдемелі индустриалды-инновациялық да­му жөніндегі 2010-2014 жыл­дар­ға ар­нал­ған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сын­да» аталған зауытты қалпына кел­тіру көзделген. Ал зауыттың одан кейінгі тағдыры туралы мәлі­м­ет жоқ. 2004 жылы ашылған «Ютекс» мақта өң­деу кешені 19,3 млн доллар жұмсал­ғанына қара­мастан, 2011 жылы то­қырауға ұшы­рады. Бұл жобаға қа­тысты был­тыр жағымды жаңа­лық­тың ше­ті көрінген. Бірақ әзірге анық-қанығы белгісіз болып тұр. Атышулы «ҚазСат» жерсе­рі­гінің жерге қаратып кеткені әмбе жұртқа аян. 2006 жылы жарнамасы жер жарған жерсерігі екі жылдан соң қаңғып жоғалды. 65 млн дол­лардың ізін таппай қалдық. 2006 жылы ашылған «Биохим» зауыты алты жылдан соң жабылып қалған еді. Осы зауытты екі жыл бұрын қай­тадан іске қосылады деген ақпа­рат тараған. 8 жыл ішінде түгі қал­ма­ған зауытқа жаңа инвестор 5 млрд теңге құйды деп еді. Одан ке­йінгі тағдыры тағы белгісіз. Бұл жобалар, базбір БАҚ-тар жазып жүргендей ИИМДБ-на қатысты емес.  

Берекесі қашқан жобалар

ИИМДБ-ның алғашқы бес­жыл­дығы 2010 жылдан басталады. Бағдарлама дебюті сәтті болды дей алмаймыз. Ашылуынан жабылуы жылдам болған жобалардың үлесі дәл осы алғашқы бесжылдыққа тие­сілі. Тәжірибе жетпеді ме, ара­ны­мыз ашылып кетті ме, әйтеуір бірнеше жобаның жолы болмады. Мысалы, 2011 жылы бағдарла­ма шеңберінде Қарағандыда ауыл шаруашылығына арналған ұшақ шығаратын зауыт салтанатты түрде ашылды. 1, 648 миллиард теңге қар­жы жұмсалған зауыт бірде-бір ұшақ шығармаған. Арада бірер жыл өткенде авиация зауыты «Фермер» ұшағын жасауға рұқсат алғаны туралы айтылды. Ол ұшақ­тар егіс­тікті химикатпен өңдеп, тыңайтқыш себуге және шаруа­шылық алқабын зерттеуге арналуы тиіс еді. Алайда әуе зауытының басшыларына қатысты салықтан жалтарды деген айып тағылып, қылмыстық іс қоз­ғалды. Бұл жо­баны Елбасының өзі «көзбояу­шы­лық» деп бағалады. Біз­дің қосып-аларымыз жоқ. Бір ашылып, бір жабылып, берекесі қашқан жобаның бірі – «Азия Керамик» керамогранит зауыты деуге болады. Үдемелі ин­дустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында бұл жоба 35 миллион долларға бағаланған. Қаржының басым бөлігін, яғни 31,8 миллион долларды Қазақ­станның Даму банкі несиеге берсе, қалған 4 миллион долларды түрік инвесторлары салған еді. Бірақ зауыт үш жылдан соң жұмысын тоқтатты. 2015 жылы кәсіпорын «Зерде-Керамика» деген атаумен қайта іске қосылды. «Қазақстанның инвестициялық қорының» қолда­уымен қайта ашылған зауыттың іске қосылуына «Бәйтерек» ұлттық холдингі тартқан жергілікті «Зерде» ҮЕҰ» ЖШС мүмкіндік туғызды. «Зауыт жұмыс істеп тұр. Өні­мімізді Қырғыз, Өзбекстан және Тәжікстанға экспорттап жатыр­мыз. Зауытта 120 адам еңбек етеді. Зауыт екінші рет қайта ашылғанда 80 адаммен жұмысты бастаған», – деді сату бөлімінің басшысы Әкімжан Парузов. Шыны керек, бұл зауыттың басшылығын табу оңай болған жоқ. Зауыттың ресми сайты 2015 жылдан бері жаңар­тылмаған. Ал онда көрсетілген телефон нөмірі баяғыда өзгеріп кеткен болып шықты. Ақпараттық технология заманында қарапайым сайтты жаңарта алмаған зауыттың болашағына сену қиын-ақ... «Сақалды жобалардың» сапына Қызылордадағы шыны зауытын қоссақ, қателеспейміз. 42 млрд тең­геге бағаланған зауыт 2017 жы­лы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда Қ.Бишимбаевқа қатысты жемқорлық оқиғасына байла­ныс­ты жоба тоқтап қалды. Одан кейін 2018 жылдың соңында құрылысы аяқталады деген, уәде орындал­ма­ды. Сол арада зауыттың құры­лысына жауапты компанияның америкалық серіктесі жобаны тастап кетті. Зауыт былтыр іске қосылады деді, тағы да тапсырма орындалмады. Былтыр желтоқсан айында ғана Orda Glass Ltd ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағын­баев зауыт биылғы шілде айында іске қосылады деп мәлімдеді. Шілдені де күтейік...  

Салық үш есе өсті

Бұқара халық пен сарапшылар сын садағына алса да, ИИМДБ аясында сәтті жүзеге асқан жобалар барын жоққа шығармаймыз. Оларды санамалаудың да қажеті жоқ. Бастысы, бағдарламаның екінші бесжылдығын жүзеге асыру өңдеуші өнеркәсіп кәсіпо­рында­рының 45 трлн теңгенің өнімін өн­діруге мүмкіндік берген. Бұл соманың 11,2 трлн теңгесі 2019 жыл­дың еншісінде. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту ви­це-министрі Аманияз Ержа­нов­тың айтуынша, индустрияландыру жылдарында кәсіпорындардан түс­кен салық 3 есе өскен. 2009 жы­лы 450 млрд теңге салық төленсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 1 482 млрд теңгеге жеткен. «Индустрияландыру картасы аясында 2015-2019 жылдары 5 трлн теңгеден астам қаржыға 556 жоба енгізілді, тұрақты 84 мың жұмыс ор­ны ашылды. Ал осы жылдың со­ңына дейін индустрияландыру картасы шеңберінде 1,1 трлн тең­генің 160 жобасын жүзеге асыру жоспарланған, бұл 17 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – дейді вице-министр А.Ержанов. Биыл Үкімет Индустриялан­дыру бағдарламасын жүзеге асы­рудың үшінші бесжылдығын жү­зеге асыруға кірісті. Бағдарламаның негізгі өзегі – жоғары техноло­гия­лық өнімдер экспортын кеңейтуге бағытталған өнеркәсіптік кәсіп­керлікті дамыту, сонымен қатар еңбек өнімділігінің өсуіне ықпал ететін цифрлы технология мен инновацияны енгізу.  

Үкімет неге мән беруі керек?

Қалай десек те, бағдарлама қа­былданғалы бері өткен 10 жылда өндірістік һәм өнеркәсіптік сая­сатты жүргізуді меңгере бастадық. Алайда әлі де болса көңіл бөлетін мәселе баршылық. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің ай­туынша, бағдарлама әзірлеушілер алғышарттар мен даму нұсқаларын терең талдамайды. Салалық бағ­дарламалар арасында үйлесім жоқ. Салалар мен секторлар бөлек қара­лады, олардың бір-біріне ықпалы қарастырылмайды. «Мемлекеттік жоспарлау жүйе­сінде сала мамандары мен макро­экономистер арасындағы маңызды буын жоғалғаны сезіледі. Шетел­дердің тәжірибесі көрсеткендей, өңдеу өнеркәсібінің қарқынды өсуін қамтамасыз ету үшін мемлекет әрдайым модернизация кезеңіне сәйкес келетін саясатты таңдап, оны бір кезеңнен келесі кезеңге өт­кенде өзгеріп отыратын өте күр­делі стратегияны ұстануы керек», – дейді сарапшы. Оның пікірінше, посткеңестік кеңістіктегі елдердің тәжірибесін зерттеу олардың екі түрлі қателікке жол беретінін көрсеткен. Бірінші, ескірген құралдарды қолдану – өткен дәуірде сәтті жүрген саясатты жарамсыз кезде қолдануды жал­ғас­тыру. Бұл Әзірбайжан, Ресей, Түр­кіменстан мен Қазақстанда бай­қалады. «Қазақстан мысалымен айтсақ, Үкіметтің тікелей араласуын азай­тудың орнына соңғы төрт жыл ішін­де квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік кәсіпорындарды едәуір ұлғайтып алдық. Екінші қателігіміз – сыртқы эконо­ми­калық қызметке (КО мен ЕАЭО-ға) ішкі нарықты кеңейтпей және қамта­масыз етпей тұрып мүше болға­ны­мыз. Сондық­тан ИИМДБ-ның келесі кезеңін сәтті іске асыру үшін мемлекет елдің дамуына сай келетін стратегияны әзірлеуі керек және әр кезеңге өт­кенде түзетулер енгізіп отыруы ма­ңызды. Ол үшін эконо­мика сала­ларының кезеңі мен жағ­дайына байланысты қа­былданатын шаралар матрицасын жасау қажет. Өкінішке қарай, мұн­дай матрица бізде әзір­ленбеген», – дейді сарапшы.  

ТҮЙІН:

ИИМДБ аясындағы жобалардың жолы болмағандарын саралай келе бір нәрсеге назарымыз ауды. Көп жағдайда, шетел инвес­тициясы салынған жобаларда мә­селе туындайды екен. Сондықтан да экономистер шетелдік нивес­тор­лардың қаржыландыруымен жүзеге асатын жобаларға жауапты қарауға кеңес береді. Өйткені шет­елдік ин­весторлар өзі үшін барлық тәуекелді ескереді. Жоба күйреуге таяғанда тайып тұруға бейім. Бұл үшін оны жазғыра алмайсыз. Себебі инвестор өз мүддесін екіжақты шарт­та тастай етіп бекітіп алған. Тіпті, Қазақстан тарапынан бері­ле­тін өтемақы кө­лемін де алдын ала заңдастырады. Бұл біздің шенеу­нік­тер үшін сабақ болуы тиіс. Әйт­песе, ел қазынасы ұстағанның қолы мен тістегеннің аузында кетеді...

   width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ