Қонаевтағы мектепте оқушылар бір-бірін есінен танғанша тұншықтырған: 8-сынып оқушысының 4 тісі түсіп қалған
Қонаевтағы мектепте оқушылар бір-бірін есінен танғанша тұншықтырған: 8-сынып оқушысының 4 тісі түсіп қалған
Фото: Тұрар Қазанғапов
Бүгінде оқушылар арасында есінен танғанша тұншықтыратын ойын түрі пайда болған. Алматы облысында осы ойынның салдарынан жасөспірім төрт тісінен қағылды. Анасының айтуынша, бұл оқиға Қонаев қаласындағы мектепте болған,  – деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Танымал ойынға әуестенушілер аз емес. Зардап шеккен оқушының анасы «Экспресс К» сайтына өзінің жанайқайын жеткізген. Мектепте баласы құрдастарымен бірге бірін-бірі тұншықтырып ойнаған. Ойынның кесірінен есінен танған ұлы табалдырыққа құлап, 4 тісі түсіп қалған.
Балам сабақтан кейін еденге сүрініп, құлап қалғанын айтты. Төрт тісі сынған. Ұлым маған шындықты айтпады, кейін мен істің мән-жайын анықтадым. Бұған дейін мұндай ойын бар екенін білмеппін, – дейді оқушының анасы.
Ойынның ережесі бойынша бір адам екіншісін қабырғаға тіреп, кеудесінен басып, мойнындағы тамырын қысады. Салдарынан ол есеңгіреп, талып түседі. Әдетте  10-15 секундтан кейін қайта есін жияды. Жастар арасында қазір осы ойынды қызық көргендердің қарасы көп екен. «Маған да істеген. Мен бірақ бір-екі шапалақтан кейін есімді жидым. Құлаған балаларды 103 шақырып, әрең аман алып қалған кездер болды. Эйфория болады, көзің қарауытады да, жерге құлайсың. Оянбай қалатындары да бар», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Нұрасыл Ермаханов. Психолог мамандар мұндай ойындарды қолдамайды. Адамның психологиясына кері әсер етеді дейді. «Есеңгіреген кезде бала эйфорияға түсіп, сол сәті оларға қызық болып көрінеді. Бір-екі рет қайталап көргеннен кейін, әсіресе мұндайға сыныпта лидер, гиперактивный оқушылар еліктейді. Ал оны кімге жасайды? Көбіне үндемей отыратын, психологиялық қысым көрсетуге жол беретін оқушылар көбіне осындайға ілігіп жатады», – дейді психолог Маржан Еліқұлова. Қоғам қайраткерлері де балалар арасында қатыгез ойындардың белең алып бара жатқанына алаңдаулы. «Қой» дегенге көнбейтін балаларға заңды түрде шара қолдану керегін айтады. 50 жыл ұстаз болған Аягүл Миразова тәрбиенің мектепте де, үйде де ақсап тұрғанын жеткізді. «Қазір балалардың арасында өзі естімеген ойындардың қатыгездіктің шарықтаған шегіне жетіп отыр десек, артық айтпаймыз. Қазір шын мәнісінде ата-аналарға да, ұстаздарға да оңай болып отырған жоқ. Жалғыз ойынмен ғана күреспеуіміз керек, жалпы тәрбиемен күресуіміз керек. Заң қарастыру керек», – дейді қоғам қайраткері Аягүл Миразова. Қатыгез ойындардың құрбаны туралы нақты деректер жоқ. Ондай статистиканы бізде жүргізбейді екен.