Резерв: не төбеде, не төменде емес
Резерв: не төбеде, не төменде емес
Италия ойшылы Н.Макиа­вел­лидің «Патшаны нөкерлері жасайды» деген сөзі бар. Зерт­теушілер байламынша, бұл билеушінің айналасындағы адамдар нақты міндеттерді шешу кезінде үлкен рөл ат­қаратынын, көшбасшы имиджі оның бұйрығын орын­дау­шы­лардың кім екеніне бай­ла­нысты екенін білдіреді. Кеңес заманында тауар жетіс­пей, босап қалған дүкен сөрелері сияқты, қазіргі кезде Қазақстанда билікке деген сенім де «қат-дефи­цит дүниеге» айналып барады. Сондықтан болашақ атқарушы биліктің іргетасын қалап, берік ұстынын құрар басқарушылардың жаңа формациясын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшы­сының 2019 жылғы 27 тамыздағы «Президенттік жастар кадр резер­вінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес кадр резерві қалыптасты. 13 мыңдай үміт­кер ішінен іріктелген 300 адаммен биылғы 15 қаңтарда ел Президенті Қ.Тоқаев кездескені мәлім. Содан бері не өзгеріс болды? Резервтегілер мемлекеттік қызметтегі басшылық орындарға келді ме? Бірден айталық, күрделі сынақ­тар тезінен өтіп, кадрлық резерв тізіміне енген 300 дарынды да бі­лікті менеджердің әзірге бірде-бірі не министр, не облыс әкімі болған жоқ. Осының өзі біраз жайттан хабар бергендей.  

Резерв те күте-күте қартайды

Жастардың кадрлық резервін қалыптастыру Қазақстан үшін таңсық бастама емес. Оған кір­ген­­дердің алды шау тартып қал­ды. 2008 жылы «Болашақ» халық­­ара­лық стипендиясы стипендиат­тарының ІІ форумында «жастар арасынан заманауи және тиім­ді басқарушылардың жаңа генера­циясын қалыптастыру» міндеті қойылды. Артынша Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бүкіл елімізді қамтыған кең ау­қымды «Жастар кадрлық резерві» жобасы жүзеге асырылды. 2009-2012 жылдары осы жобаға 8 мыңнан астам жас қазақстандық өтініш тапсырыпты. Одан небәрі 308 адам ашық конкурс іріктеуінен, тестілеуден, кәсіби біліктілігін баға­лаудан лайықты өтіп, әртүр­лі ұйымға тағылымдамаға жіберіл­ді. Сондай-ақ оларға арнап ме­моргандар, кәсіпкерлік, ғылы­ми, қоғамдық ұйымдардың және ақпарат құралдарының жетекші өкілдерімен сан алуан кездесулер ұйымдастырылды. 2013 жылы кадрлық резерв жобасы жаңа форматта ары қарай жалғасты. Олар қайда? Қатысушыларға сөз берелік. Бауыржан Аймұханбет – 2012 жылғы «Қазақстанның жастар кадрлық резервінің» жеңім­пазы. Биылғы 15 қаңтарда Мемлекет басшысы жаңа «Прези­денттік жастар кадр резерві» жеңім­паздарымен кездескенде, ұн­жырғасы түсіп, тұнжыраған. Содан Мемлекеттік қызмет істері агент­ті­гінің төрағасына хат жазады. «Кеше жаңалықтардан кадрлық резервке кірген 300 жас туралы репортажды көріп қалдым. Осыдан сұрақ туады: өткен жылдардағы кадрлық резервистердің жағдайы не болады? Біз де қатаң іріктеуді бастан кештік, екі кезеңді оқыту­дан өттік. Енді не істейміз?» – дейді Б.Аймұханбет. Дәл осындай сауал өзге резервшілерді де толған­дырады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайыл­ғанова бұл өтініштер қаралғанын жеткізді. Ол бұдан бұрын «Б» кор­пусының кадрлық резерві қалыптасқанын растады. «Іріктеуден өткендердің әкім­шілік мемқызметтің кадрлық резервінде болу мерзімі тек бір жылға ғана созылды. Осы мер­зімде резервист біліктілік талап­тарына сәйкес келсе, қандай да бір лауазымға тағайындалатын. Алайда 2016 жылғы 1 қаңтарда «Б» корпусының кадрлық резерві институты жойылды. Бүгінде әкім­шілік мемлекеттік қызметке кон­курс негізінде тұруға болады», – дейді Анар Жайылғанова. 34 шақырымдық Ла-Маншты жүзіп өткен алғашқы қазақ, бел­гілі заңгер Ержан Есімханов өз тәжірибесіне сүйеніп, резерв атау­лыдан бір нәтиже шығарына күмәнданады. Ол 1998 жылғы жастар резервінде болғанын, сол кезде елордадағы жалғыз бес жұлдызды «Интерконтиненталь» қонақүйінде өткен құрылтайға қатысқанын еске түсірді. «Жиында біздің жаңа басқару­шылар резервіне кіргеніміз, елді жарқын келешекке бастайты­нымыз жайында керемет сөз­дер айтылды. Жас адамға өзінің мем­лекетке керек екенін сезіну­ден асқан мәртебе жоқ, қатты жігерлендік. Содан бері жиырма екі жылдай уақыт өтті. Сол екі жүздей жастың кейбірі шынында мемлекеттік лауазымға орналасты. Әрине, резервке кіргенінің емес, өз бетімен тер төгуі, біліктілік та­нытуы, қажетті адамдармен қарым-қатынас жасай білуі арқасында. Біразы бизнестен нәпақа тапты. Көпшілігі елден көшіп кетті. Ай­налада бәрі өзгерді. Өзгермегені: мемлекет сол бұрынғыдай өзіне таныс, өзгеге жұмбақ «кадрлық ре­зервті» құруын жалғастыруда», – дейді ол. Е.Есімханов Қазақстанды бақуатты болашаққа жетелер жас, ақылды әрі адал азаматтар мем­қызметке келуі үшін мери­тократия өркен жаюы тиіс деген пікірде: «Билікте отыз-қырық шақты ғана тұлға жыл өткен сайын бір лауазымнан екіншісіне секіреді. Кеше министр, бүгін әкім. Бүгін әкім, ертең елші. Ертең елші, арғы күні қайтадан министр. Осылай шетсіз-шексіз кете береді. Олар өмірден кетсе, артында балалары өсіп келеді. Бұл жағдай өзгермесе, жас та жігерлі басқарушылардың бірде-бір резерві ешкімге де қажет емес», – дейді сарапшы.  

Билікке кімдер келді, қарашы?

Президенттің өзі резервшілерге назар аударуды сұрағасын, биліктегі басшылар тапсырманы орындауға тұра ұмтылды. Әсіресе, әкімдер белсенді. «Президенттік жастар кадр резервінің» 7 өкілі Нұр-Сұлтан әкімдігінде басшылық лауазымға тағайындалды. Атап айтсақ, Жүсіп Жұмағұлов пен Нұрлыбек Балықбаев – әкім аппараты басшысының орын­басары атанды. Нұрлыбек осыған дейін Энергетика министрлігінің ресми өкілі болды. Jas Otan Жастар қанатының төрағасы қызметін атқарып кел­ген Дәулет Кәрібек – әкімдіктің Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, ал Ерлан Сыздыков – Отын-энер­ге­тикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы бас­шысының орынбасары қызметіне орналасты. Жеке сектордан кел­ген Әнуар Бижан Активтер және мем­лекеттік сатып алу басқар­масы бөлімінің басшысы болды. Ха­лықаралық қаржы ұйы­мында жұмыс тәжірибесі бар Дина Даниярова Astana Invest бас­қарма төра­ғасының кеңесшісі, ал Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бас­қарма төрағасының кеңесшісі қызметіне алынды. Бұдан бөлек, елорда әкімдігіндегі бұдан төмендеу деңгейдегі бос лауазымдар 10 ре­зервиске ұсынылған. Алматы әкімі Бақытжан Са­ғынтаевтың өкімімен Президенттік резервтің өкілдері қала аудандарына әкім болды. Нақтылай кетсек, Азамат Қалдыбеков – Алатау ауданының әкімі, ал Бақытжан Ақжаров – Түрксіб ауданының әкімі болып тағайындалды. А.Қалдыбеков бұған дейін Алматы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, ал Б.Ақжаров Алматы тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы болған. Резервшілер «Бәйтерек» хол­дингінде де басшылық лауазымға орналасты: Ернар Мыңжанов Baiterek Venture Fund АҚ инвес­тициялық департаментінің ди­рек­торы лауазымына кірісті. Осының алдында ол холдингтің жобалық қаржыландыру және МЖӘ де­партаментінің жоба жетекшісі болыпты. Ал «Қазақстанның Даму Банкі» операциялық тәуекелдер басқармасының басшысы Ерболат Даданбаев QazTech Ventures АҚ департаментінің директорына дейін жоғарылады. Резервист Ардақ Өтепов – Азаматтық авиация комитеті тө­рағасының орынбасары, Ержан Тоқтағұлов – Қостанай облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы, Самат Рамазанов – Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы. Мұндай мысалдарды тізе беруге болады. Кей жерде тіпті тағайындау да қажет бол­маған. Мысалы, Павлодар об­лысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Ертіс ауданының әкімі Аян Байсекин және басқа да әкім­қаралар мен орталықтағы ше­неуніктер резервке кірді. Сөйтіп, билік жастардың ка­др­лық резерві – қайтарымы ша­малы кезекті жоба емес екенін, оған іріктелген мамандар жерде қалмайтынын, орын табатынын дәлелдеуге күш салуда. Енді ре­зервшілер де үмітті ақтағаны, озық дамыған ел бағытындағы жү­рісімізге серпін бергені маңызды. Әйтпесе, татар халқының мына бір мәтелінің кері келмесін: угез жиксэн – пошыкма! Өгіз жек­кен екенсің, одан арғымақтың ша­бы­сын күту әбестік.    width=Айхан ШӘРІП