Украинадағы соғысқа мобилизацияланған ресейліктердің қазасы жайлы хабарлама келе бастады

Украинадағы соғысқа мобилизацияланған ресейліктердің қазасы жайлы хабарлама келе бастады

Ресейдің Челябинск облысының билігі Украинадағы соғысқа жіберілген бес адамның қаза тапқанын растады. Соғысқа жөнелтілгендердің қазасы туралы алғашқы ресми мәлімдеме ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін үш аптадан кейін жасалды, – деп хабарлайды BBC. "Өкінішке қарай, әскери бөлім Коркино әскери комиссариатынан Оңтүстік Оралдан шақырылған бес сарбаздың қаза тапқаны туралы ақпаратты растады. Біз қаза болған жауынгерлеріміздің отбасылары мен жақындарына барлық қажетті көмекті көрсетеміз", – делінген облыс үкіметінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Сондай-ақ Челябинск билігі қаза тапқандардың туыстарына федералдық төлемдерден қосымша 1 миллион рубльден төлеуге уәде берді. Қыркүйек айының соңынан бері 10-нан астам мобилизацияланған ресейліктің ұрыс аймағына жетпей қайтыс болғаны белгілі болды. Майданға жұмылдырылғандардың қаза тапқаны туралы алғашқы хабарлар осы аптаның басында түсе бастады, бірақ Ресей билігі оларға қатысты пікір білдірмеген. Мобилизацияланған орыстардың өлімінің мән-жайы әлі де белгісіз. 29 қыркүйекте Ресей Қорғаныс министрлігі дайындығы жоқ жауынгерлерді майдан шебіне жібермеуге уәде берген.