Бұдан былай Қытайдан келген адамның барлығы 14 күнге дейін арнайы санитарлық орында тексерістен өтеді. Алматы облысының Панфилов ауданындағы үш шекара бекетінде орналасқан медициналық пункттерді тексерген бас санитар Жандарбек Бекшин осылай деп мәлімдеді. Қазіргі сәтте «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы жабық. Орталықтың жұмысы 1 наурызға дейін тоқтатылған. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы қызметі тоқтаған Nur joly және «Алтынкөл» бекеттерінде санитар-эпидемиолог мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Аудан орталығы Жаркентте 100 адамдық арнайы оқшаулау орны дайындалды. Егер шұғыл жағдай орын алса, қосымша 160 орын қарастырылған. Мамандар толық медициналық жабдықпен қамтамасыз етілді. «Ақпанның 20-нан бастап Қытайдан келген адамның барлығы 14 күнге дейін арнайы санитарлық орында болады. Өйткені коронавирусты жұқтырған адамнан бірден ешқандай сырқат белгілері байқалмауы мүмкін. Оның ағзадағы жасырын кезеңі 14 күннен 24 күнге дейін созылу фактісі анықталған. Сол себепті сақтық шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Жандарбек Бекшин. Сондай-ақ Diamond Princess лайнеріндегі қазақстандықтар 14 күн карантиннен соң оралады. Олардың жағдайы қалыпты. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында инфекциялық аурулардың жетекші маманы Динагүл Баешева осылай деді. «Лайнерде біздің 4 қазақстандық бар. Денсаулық сақтау министрлігі олармен үнемі хабарласып отыр. Карантин болғандықтан, барлығы Сыртқы істер министрлігі арқылы шешіледі. Карантин мерзімі жақында аяқталады», – деді Динагүл Баешева. Дастан ДУМАН