Басылым белесі
Басылым белесі
550
оқылды
Бас қаланың басқан ізін білгісі келгендерге «Астана ақ­шамы» газетінің архивін ақтарса да жетіп жатыр. Өйткені бұл басылым елордамен бірге есейіп келеді. Астана астана бол­ғалы басылым бетінде қаланың күнделікті тыныс-тір­шілігі көрсетіліп, қажет кезде кем-кетігі де айтылып жүр. Бү­гінде жарық көргеніне 32 жыл болған басылымда ай­мақ­тың ғана емес, алаштың ортақ құндылығы да қаузалады. Газеттің мерейтойына орай Elorda aqparat ЖШС ұйымдас­тырған «Газет пен интернеттің интеграциясы» атты дөңгелек үстелде қазақ баспасөзінің болашағы мен журналистердің жай-күйі әңгімеге арқау болды. Іс-шараға Парламент Сенатының депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты, журналист Жанарбек Әшімжан, Egemen Qazaqstan газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, Astana aqshamy газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, Бас редакторлар клубы президентінің орынбасары Мұратбек Тоқтағазин, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрмет және басқа да БАҚ өкілдері қатысып, қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Өзі де бір кездері Astana aqshamy газетіне басшылық еткен депутат Нұртөре Жүсіп посткеңестік елдердегі баспасөздің қалай жарық көретініне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде жер-жерде жарық көретін қалалық газеттер көп. Бірақ елорданың бас басылымының орны айрықша. Себебі, бұл басылым журналистердің ұстаханасына айналып үлгерді. Газет қабырғасынан көптеген қаламгер түлеп ұшты. Сондай-ақ ол БАҚ-ы еркін әрі сөз бостандығы шектелмеу керек екенін тілге тиек етті. Әйтпегенде қазір көп басылым мазмұны жағынан бірін-бірі қайталайтын болды. Бұдан бөлек, қаламақы төлеу мәселесі де өзекті болып отырғанын жеткізген депутат: «Журналист мәртебесі берілмесе де, оларға заңды түрде жағдай жасалуы керек. Аккредиция деген бар, қандай да бір іс-шараға тіркелген журналистер ғана жіберіледі. Ал куәлігі бар басқа тілші іс-шарадан сырт қалады. «БАҚ туралы» заңда осы мәселелер назарға алынуы керек. Сондай-ақ онда журналистердің қызметтік міндеттемелері де ескерілуі қажет», – деді.
Баспасөз еркін болмай, Жаңа Қазақстан құру оңай болмайтынын айтқан әріптесін депутат Жанарбек Әшімжан да қолдап отыр. «БАҚ туралы» заң, басылымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыс, БАҚ арасындағы өзара бәсекелестік қазақ баспасөзінің адымын аштырмай тұр. Қалам ұстаған қауым құрылтайшысының босағасын сығаламай, төрінде отыру үшін жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс. Бұл үшін қалам ұстаған қауымның өзі де белсенділік көрсетіп, табандылық танытуы маңызды.