Тілегі бір – тамыры ортақ

Тілегі бір – тамыры ортақ

12 қазан күні түс ауа Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемле­кеттік сапармен келген түркиялық әріптесі Режеп Тайип Ердо­ғанмен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Түркия Респуб­ликасының Президентін Ақорда резиденциясында Құрмет Қарауылының қатысуымен салтанатты түрде қарсы алды.

– Сіздің бүгінгі мемлекеттік сапарыңыз екі елдің ынтымақтастығына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біз Түркиямен тең дәрежедегі ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән береміз. Бұл менің ерекше назарымда. Кездесуіміздің күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, уағдаластыққа қол жеткіземіз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Режеп Тайип Ердоған шақыртуға алғысын айта келіп, екіжақты кездесудің жемісті өтетініне сенім білдірді.
– Бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысын өткіземіз. Сондай-ақ ертең Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысамыз. Сіздің көшбасшылы­ғыңызбен жүргізілген реформалар қазақ халқының тыныштығын сақтап, әл-ауқатын жақсартатынына сенімім мол. 20 қараша күні болатын Президент сайлауы әділ әрі жаңа Қазақстан үшін қайырлы болуын және сізге сол сайлауда сәттілік тілеймін, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Сондай-ақ Түркия Президенті жаһандық және аймақтық тұрақ­сыздық белең алған шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажет екенін, сондық­тан стратегиялық серіктес әрі ба­уырлас ел Қазақстанның қауіпсіз­дігіне, тұрақтылығына, территория­лық тұтастығына және экономи­калық әл-ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді.
– Сіздің мамыр айында Түр­кияға келген мемлекеттік сапа­рыңыз барысында қол қойылған 14 ынтымақтастық туралы құжат пен ортақ декларация қарым-қаты­насымызға тың серпін берді. Бүгін осы келісімдерге қосымша жаңа құжаттар қосылады. Атажұртыма келген маған және менің деле­га­цияма қонақжайлық көрсеткені­ңіз үшін тағы да алғыс айтамын, – деп жалғады сөзін Режеп Тайип Ердоған.
Алдын ала бекітілген күн тәр­тібіне сәйкес, жиында сыртқы сая­сат және инвестиция саласындағы іс-әрекет, сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика және әскери өндіріс саласындағы ықпалдастық, энергетика саласын­дағы байланыстар және ауыл ша­руашылығы саласындағы ынты­мақтастық секілді 5 мәселе талқы­ланды.
– Мақсатымыз – сауда айна­лымын 10 миллиард долларға жет­кізу. Анкара соңғы 15 жылда Қа­зақстанға 4,35 миллиард доллар инвестиция құйды. Ал біздің еліміз Түркияға 1,13 миллиард доллар қаржы салды. Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында тұр. Жалпы, екіжақты сауда-саттық әлеуетін арттыру жолында тран­зиттік тасымал бағыттары маңызды рөл атқарады. Біз тасымал шығы­нын азайтып, жеткізу мерзімін қысқарту үшін Транскаспий дәлізін дамытуға шақырамыз. Бүгінгі кез­десуде біз оны талқыладық. Көз­қарасымыз бірдей. Биыл маусым айында Бакуде үшжақты формат­тағы кездесу өтті. Біз бұл дәстүрді жалғастыруға ниеттіміз. Келесі басқосуды Ақтауда өткізуді ұсына­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркия Президенті өз кезегінде екі ел арасындағы сауда айналымын қысқа мерзімде 5 миллиард, орта мерзімде 10 миллиард долларға жет­кізуге уағдаласқандарын атап өтті.
– Әзірге бәрі жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығымыз біздің орта мерзімге жоспарлаған межемізге тез жетуге мүмкіндік береді. Каспийдің маңызы артып келеді. Бакудегі үшжақты кездесу сәтті өтті. Ақтаудағы басқосу бұл жұмыстарды ілгерілетеді деп сенеміз. Біз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін арттыру жөніндегі әлем алдындағы міндетімізді тиісті деңгейде орындап келеміз. Бұл тұрғыда астығы мол Қазақстанның әлеуетін пайдалануға болады деп есептеймін, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Пікір алмасулардан кейін күн тәртібіндегі 5 мәселеге жауапты екі елдің министрлері сөз сөйледі. Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегацияның мүшелері бірқатар құжаттар қабылданды. Атап айт­қанда, Денсаулық сақтау саласын­дағы, ветеринариялық қызметтер көрсету саясаты және тамақ өнім­дерінің қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер мен музей ісі, ескерткіштерді қорғау және реставрациялау, сондай-ақ мәдениет саласындағы, одан бөлек техникалық реттеу, стандарттау, мет­рология, аккредиттеу және сәй­кестікті бағалау саласындағы, От­басы істері, еңбек және әлеу­меттік қызметтер министрілігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы бірнеше мемо­рандумға қол қойылды. Жиын барысында Мемлекет басшысы қазақ-түрік қатынасын тұрақты дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Түркия Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
– Сіздің сындарлы саясаты­ңыздың арқасында Түркияның әлемдегі абырой-беделі арта түсті. Еліңізді дүниежүзі әлеуеті зор, да­мыған мемлекет ретінде біледі, құр­меттейді. Түркия – біздің ежел­ден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай-ақ Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қос ел басшыларының бұқара­лық ақпарат құралдары үшін берген брифингінде Мемлекет басшысы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-оты­рысында бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қойылғаны атап өтті. Сонымен қатар көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың даму перспективасына назар аударды.
–Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалды ұлғайтуға екі ел де мүдделі. Өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін бұл стратегиялық жобаның зор маңызы бар. Биыл 7 айда осы бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2,5 есеге артып, 1 миллион тоннаға жетті. Осы ретте, мемлекеттеріміздің «Орта дәлізді» дамытуы қазір өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында жаһан­дық өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Президент көптеген халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымы жақын екенін атап өтті. Сондай-ақ Режеп Тайип Ердоғанның дүниежүзіндегі дағда­рыстар мен аймақтағы мәселелерді шешу жолындағы бастамаларын қолдайтындығын жеткізді. Одан бөлек, туысқан елдерді ортақ мүд­деге ұйыстырып отырған Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына үлкен сенім білдірді.
– Біз көпжақты дипломатия­ны одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. Екі елдің серіктестігі Бі­ріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мем­лекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамып келеді. Ертең Түркия Пре­зидентімен бірге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-шы Самми­ті­не қатысамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Түркия Президен­ті Қазақстанға жасаған мемлекет­тік сапарының нәтижесіне риза­шы­лығын білдірді.
– Біз бауырлас Қазақстанның егемендігін, территориялық тұтас­тығын, бейбітшілігі мен тұрақты­лығын әрдайым қолдаймыз. Біздің бірлігіміз бен ынтымақтастығы­мыз мәңгілік! Қазақстан Прези­дентінің басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалаймын. Алдағы президент сай­лауының қорытындысы Қазақ­станға игілік әкелсін, – деп сөзін түйіндеді Режеп Тайип Ердоған.