«Ана тілі» газетінің тұңғыш Бас редакторы, зерттеуші-журналист Жарылқап Бейсенбайұлының бестомдық шығармалар жинағы оқырманға жол тартты. Көптомдықта қаламгердің ең үздік деген туындылары топтастырылған. Алғашқы томда өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары оқырман қауым жылы қабылдаған әлемдік бейнелеу өнері тарихындағы эсселер енген. Айталық, жаңаша дәуірдің ұлы шеберлері мен қазақтың саңлақ суреткерлері жайындағы эсселер шоғыры жинақталған «Буырқанған бояулар» бар. Сондай-ақ ұлтымыздың озық әдеп-дәстүрлері мен халықаралық этикет ережелері сабақтастырыла қарастырылған «Әдеп әлемі» кітаптары қайта өңделіп, толықтырылып берілген. Автордың тарих көші, баба жұрттар ізімен шетелдерге барған жолсапар жазбалары да осы томда кеңінен қамтылған. Ал екінші томда жазушының көп жыл бойы Шоқан Уәлихановтың өмірін зерделеп, Ұлы ғалымның 1856 жылы жасаған Ыстықкөлге сапарының ізін қайталай жүріп өткенін байқауға болады. Аталған томда ғалымның еңбек етіп, ғұмыр кешкен мекендерде арнайы барып, ғылыми, мұрағаттық құжаттармен байытылған, көлемі 743 беттік «Шоқан» тарихи-ғұмырнамалақ роман-эссе кітабы бар. Үшінші томға автордың «Қазақ шежіресі»», «Арғы түріктер ақиқаты ізімен» атты еңбектері, «Шоқан Уәлиханов – ауыз әдебиеті мен ортағасырлық жазба мұралар зерттеушісі» және Жошы ұлысының әйгілі бектербегі, қазақтың этнотектік тарихында елеулі орны бар «Нағанай би» ғылыми зерттеулері енген. Төртінші томға қаламгер ғалымның Халықаралық Түркі академиясының жобасы бойынша «Қазіргі түркология» сериясымен 2015 жылы елордадағы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Орталық Азиядағы арғы түрік сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» атты ауқымды монографиясының өңделіп, толықтырылған соңғы нұсқасы да басылған. Бесінші томға ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен баспасөз саласының көрнекті өкілдеріне қатысты эсселері, өзі қызмет еткен ақпарат құралдары туралы мақалалары, берген сұхбаттары, кітаптары мен зерттеулеріне қатысты рецензиялар, автор туралы лебіздер, аудармалары топтастырылған.
Айбике ЖАНАСЫЛ