Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Президент өзінің жуырда Бакуге жасаған сапары қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
– Елімізге келіп, саммитке қатысқаныңыз үшін алғыс айтамын. Екіжақты қарым-қатынасқа арнайы тоқталғым келеді. Бакуге сапарым кезінде көрсеткен қонақжайлығыңызға ризашылығымды білдіремін. Біздің келіссөздеріміз табысты болды және шет мемлекеттердегі саяси және экономикалық топтардың назарын аударды. Біз Әзербайжанды одақтасымыз, стратегиялық серіктесіміз деп есептейміз. Әрқашан осы бағытты ұстанамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Сонымен қатар президенттер екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара табысты іс-әрекетін, оның ішінде Қазақстан мен Әзербайжанның тарихи және мәдени құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылуын жоғары бағалады. Өз кезегінде Ильхам Әлиев АӨСШК саммитіне шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты.
– Бауырлас Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Сондай-ақ өткізілген саммиттің оң нәтижелерімен құттықтағым келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі мен беделі жоғары екенін көрсетеді. Ең алдымен, Гейдар Әлиұлы Әлиевті еске алып, құрмет көрсеткеніңіз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздің сапарыңыздан бері біз жақсы жетістіктер мен нәтижелерге қол жеткіздік, – деді Әзербайжан Президенті.Сондай-ақ Мемлекет басшысы Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен, Палестина Президентімен, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК пен ТМД саммиттеріне қатысқаны үшін Александр Лукашенкоға алғыс айтты. Әңгімелесу барысында президенттер екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен қарым-қатынастарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық өзара іс-әрекет пен өндірістік кооперацияны жан-жақты жандандыруға ерекше назар аударылды. Александр Лукашенко саммитке шақырғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, АӨСШК-ті одан әрі нығайтудың әлеуеті мол екенін атап өтті. Мемлекет басшысы АӨСШК-тің VI саммиті аясында Палестина Президенті Махмуд Аббаспен кездесу өткізді. Президенттер Қазақстан мен Палестина арасындағы өзара іс-әрекетті дамыту перспективаларын қарастырып, қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері мен үрдістері туралы пікір алмасты. Мемлекет басшысы екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК саммиті аясында Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.