Бірер жыл бұрын ғана Астанадағы ескі тұрғын үйлер көзге шыққан сүйелдей қаланың сәнін кетіріп тұратын. Бүгінде бас қаладағы қауіпті үйлердің саны азайып, көрікті бұзатын баспаналарға күрделі жөндеу жүргізіліп келеді. Елордада апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзуды көздейтін тұрғын үй қорын жаңарту жобасы әлі де жалғасын табуда. Айталық, тек соңғы төрт жылда осындай 38 үйдің тұрғындары жаңа абаттандырылған тұрғын үйлерге көшірілді. Есте болса, апатты үйлерді сүру жұмыстары 2013 жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында басталған болатын. Ал 2016 жылы қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, қаладағы апатты үйлерді бұзу бойынша қанатқақты жоба іске асырылды. Сөйтіп әлеуметтік маңызды жоба апатты үйлерде тұратын азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, елорданың заманауи келбетін өзгертуге бағытталды. Қала әкімімен кездесуде тұрғындар тарапынан ескі үйлердің апатты жағдайы туралы жиі айтылады. Сол үшін әкімдіктің жауапты басшылары қауіпті тұрғын үй кешендерін жөндеу бойынша жұмыстарды тұрақты жүргізеді. Құлап жатқан плиталар, жанғыш төсемдер, апатты жағдайдағы жеделсатылары бар үйлердің тұрғындарының өтініш-тілегі әрқашан ескерілуде. Мысалы, бұдан бұрын «Территория комфорта – 2» көппәтерлі тұрғын үй кешені кездесулер барысында тұрғындар үйде тұрудан үрейленетінін айтқан. Айтуларынша, желді күні балаларын далаға шығару қауіп тудырған. Себебі, үйді қаптап тұрған плиталар жиі құлайтын. Көп кешікпей халықтың базынасы ескеріліп, бұл көппәтерлі тұрғын үй кешенінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қасбеті толық ауыстырылып, керамогранит плиталар алынып тасталды. Сондай-ақ жылытқыштар, қабатаралық, өрт жағдайына арналған есіктер толығымен ауыстырылды. Өз кезегінде жайлы үйге кірген тұрғындар қала әкімдігіне ризашылығын айтып, қауіпсіз аулада қаннен-қаперсіз асыр салуға мүмкіндік берген мемлекетке алғысын білдірді.
Ендігі жерде тұрғын үй қорын жаңарту жобасын іске асыру туралы баяндаған Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бұзу бөлімінің басшысы Төлеген Ахметов алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, 2013-2017 жылдар аралығында өткен алғашқы кезеңде 228 апатты үй бұзылып, 3 400-ден астам отбасы жаңа абаттандырылған тұрғын үйге көшірілген. Ал 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңге есептелген екінші кезеңін іске асыру шеңберінде 56 апатты үйдің тұрғындарын 1082 пәтерге көшіру жоспарланыпты. «Мәселен, 2018 жылы 86 пәтер, 2019 жылы – 197 пәтер, 2020 жылы – 209 пәтер, 2021 жылы – 257 пәтер тұрғындарын көшіру жүзеге асырылды. Апатты үйлердің тұрғындары Абылайхан даңғылы мен Қарасай батыр көшесі бойындағы аз қабатты тұрғын үй кешеніне көшірілді. Қазір оларды физикалық бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018-2021 жылдары барлығы 749 пәтерлік 38 үйдің тұрғындары қоныс аударды. Биыл 333 пәтерлік 18 апатты үйді көшіруді жоспарлап отырмыз», – дейді Төлеген Ахметов. Сонымен бірге алдағы жылдың жоспарымен бөліскен ол: «Қала аудандары әкімдерінің аппараттарымен бірлесіп бұзу жоспары ары қарай жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, үшінші кезеңде – 2023-2027 жылдарға арналған 903 пәтерге 59 үй қосылады», – деді.Апатты үйлерді азайту – алдағы күннің маңызды міндеті. Себебі, тозығы жеткен тұрғын үй қаланың көркіне ғана нұқсан келтірмейді. Сондай-ақ тұрғындардың өміріне де қауіпті. Сол себепті Мемлекет басшысы тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін тапсырма берген. Бүгінде жүктелген міндет жоспар бойынша жүзеге асырылып, тұрғын үй кешендерін жөндеу, лифттерді ауыстыру, жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үй салу, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмыс тиімді нәтиже беріп отыр. Шаһардың сәні кіріп, жұрттың да жүзі қуанышқа толып келеді.