Шаруалар шырылы немесе көптің мұңын кім тыңдайды?
Шаруалар шырылы немесе көптің мұңын кім тыңдайды?
454
оқылды
Түркістан облысының шаруа­лары облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналып, облыс басшы­сының шығуын талап етті. Облыстың ең шалғай аудандары Жетісай, Мақтаарал, Шардара және Келес аудандарының жергілікті билігі­нен әділдік таппаған кәсіпкерлер Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлынан көмек сұрай келіпті. Алайда алыстан ат арылтып, 400 шақы­рымды артқа тастап келген шаруа­лар мен кәсіпкерлердің, көпбалалы аналардың уәжіне құлақ түретін билік болмады. Таңнан жиналған наразы топтың алдына тек облыс әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаев пен сала басшылары шығып, «мәселені шешеміз, мына жерден тараңыздар» деп өтінді. Құрғақ уәдеден шаршаған Бірақ ашынған 200-ге жуық шаруа «облыс әкімінің өзі шығып, мәселеге нүкте қоймаса, тарқамаймыз» деп тұрып алды. Олардың тағы да құр уәдеге алда­нып тарқағысы келмейді. «Біз ауылдан түнгі сағат 03-те шыққанбыз, таңалакеуі­мнен бері 4 сағат болды осында тұрғаны­мызға. Бізді бір қауым ел үміт артып жіберіп, күтіп отыр. Оларға не айтамыз? Айтар мәселемізді тек облыс басшысы ғана шеше алады. Құр уәдеден шарша­ғанбыз. Сондықтан қанша сағат жина­лысы болса да күтеміз» деді наразы топ­тың ішіндегі қария. Дәл осындай топты облыс әкімі Дархан Сатыбалды 15 күн бұрын ғана қабылдаған болатын. Ол кезде мақта бағасының түсіп кеткені, субсидияның мүлдем берілмей қалғаны, мақта қа­был­дау бекетіндегі сыбайластық, таразыдан жеу сияқты мәселелер көтерілген. Об­лыс басшысы бұл жайт бойынша жедел түрде комиссия құрып, оны ау­данға жіберетін болып келіскен-ді. Алайда одан бері 2 аптадан аса уақыт өтсе де, жоғары жақтан ешқандай әре­кет, қоз­ғалыс болмағандықтан, наразы топ тағы да жиналып отыр.
Жетісай ауданынан келген «Ерсұл­тан» шаруа қожалығының төрағасы Төрехан Нұрлыбеков «Біз, шаруалар билік тарапынан қараусыз қалдық. Мақта құнының төмендегені бөлек әңгіме, оны облыс басшысы шеше алмайтынын түсіндік. Бірақ бізді күйдіріп тұрғаны –аудандағы әділетсіздіктер. Мақта қабыл­дайтын зауыт басшыларының дөрекілігі, ойына келгенін істейтіні, таразыдан жейтіні, лаборатория сапасын дұрыс шығармай­тыны жанымызға батады. Ала жаздай егін басында жүріп еңбек етеміз, бірақ күзгі жиын-терімде ғана жұмысын бастайтын қабылдау бекеттері ойына келген бағаны айтып, кісілік көрсетеді. Тиісті ақшамызды осылайша дұрыстап та ала алмаймыз. Облыс басшысы бізге комиссия жіберем деп уәде еткен. Бірақ ешкім келмеді. Енді, міне халықтың алдына шықпай отыр. 4-5 сағаттан бері аяғымыз да талды. Мұнда шаруа ғана емес, кәсіпкер де, жер мәселесімен келгендер де көп», – деді жетісайлық шаруа. Соны­мен бірге мақтаға мемлекет тарапынан беріліп жүрген суб­сидияның да жойылып кеткені шаруа­ларды қынжылтады. Ала жаздай еткен еңбектен пайда таппақ түгілі шығынын да өтей алмай қаламыз деп дабыл қағуда. Бас­тап­қыда қолында қаражаты болмаған­дықтан, зауыттан алдын ала ақша алып, мақта өсірген шаруалар амалсыз өнімді арзан баға болса да осында өткізуге мәж­бүр. Ал мына баға шығынды да ақтамайды.
Жетісайлық Марат Мақаров та инвестордан алған қарызын өтей алмай, биыл мақтаның құны түсіп кеткендіктен, шығынға ұшырапты. Инвестор ақ алтынның құны 500 теңгеден болады деп есептегенмен, биыл баға 250 теңгеден болған. «Ендігі үміт мемлекеттен қолдау» дейді ол. Расында да, ақ алтынға баланған мақта мәселесі биыл тағы да шаруаларды шатқаяқтатып тұр. Күз болса дизель отыны тапшылығынан баста­латын проблема мақта терімнің құнына келгенде шаруаларды тағы тығырыққа тірейді. Жылдағы жыр. Жергілікті билік түгілі бұл мәселені Үкімет те реттей алмай келеді. Әйтеуір, шаруалар шырыл­дап-шуылдап, келесі жылы тағы да үйренген кәсібіне қайта кірісіп, үміт күтеді. Жерге қол жеткізе алмай жүр
Шардарадан келген кәсіпкер Бақыт­жан Бекетовтың мәселесі мүлдем бөлек. Жергілікті билік кәсіпкерді әбден титықтатқан. Екі жылдан бері тиесілі жеріне иелік ете алмай келеді. Құм ала­тын карьер ашу үшін Астанадағы тиісті мекемеден, облыстық Экология басқар­ма­сынан, тіпті аудан басшысының шеші­міне дейін алып, лицензияға қол жеткізсе де, кедергілер кездесіп келеді. «Ауданда 12 жерде заңсыз карьер жұмыс істеп жатыр. Ешқандай салық төлемейді. Барлығына да дәлелім, құжаттарым бар. Мұны аудандағы барлық құзырлы орган біледі. Тіпті, бұрынғы облыс басшысы Ө.Шөкеевтің алдына да кіріп айтқанмын. Мәселені реттеуге ауданға тапсырма берді. Бірақ неге екені белгісіз, ешкімнің тісі батпайды. Ешқандай өзгеріссіз тір­лігін істеп жатыр. Ал менің барлық талап­қа сай заңды түрде ашқалы отырған карьеріме аудан тарапынан рұқсат ала алмай отырмын. Тіпті, сотта да құзырлы органдар әділ шешім шығарып, жеңіп шық­тым. Енді жергілікті билік 20 жылға дейін жер қоры үшін резервке алынған деген желеумен апелляцияға беріп жа­тыр. Ал жер кадастрында ол жер бос деп тұр, өздері басында бос деп шешім де шығарған», – дейді кәсіпкер. Кәсіпкер­дің айтуынша, оның ашпақ болған карьері әлдебіреулерге кедергі келтірмек. Жалпы, аудан басшылығының жұмы­сы­на көңілі толмайтын ол облыс басшы­лығы тарапынан ауданға тексеріс жібе­руін сұрап келіпті.
Азамат Әбішов ауданда күн­көріс көзі жер екенін, жастардың тиесілі жерге қол жеткізе алмайтынын жеткізді. Әкімдік алдына жиналып, облыс басшысын күткен наразы топ билікке қапа болып тарқасты.   P.S.
Өкінішке қарай, не себеппен жүргені белгісіз, астаналық Алмасбек есімді азамат жиналған шаруаларды азғырып, «Түркістанда әкім жоқ екен, хан екен, ондай болса ханнан тізерлеп сұрайық» деп жасы үлкен кісілерді әкімдік алдында тізер­летіп отырғызып, «хан ием, сізден өтініп сұраймыз» деп сөйлетіп, бейне­роликке түсіріп, әлеуметтік желіге тара­тып жіберген. Астаналық азаматтың қан­дай пиғылы бар екенін білмедік. Бірақ «не шықса да, оңтүстіктен шығады, Түр­кістан облысында би сайланған еді, бүгін хан сайланды» деген атаумен бұл бейне­ролик барлық әлеуметтік желіде тарап, үлкен қоғамдық пікір туғызып жатыр...

Түркістан облысы