Жөндеу жүрсе де, өндіріс тоқтамайды
Жөндеу жүрсе де, өндіріс тоқтамайды
262
оқылды
Қазан айынан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары басталды. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Атырауға келіп, зауыттың жөндеу жұмыстарымен танысты. «ҚазМұнайГаз» компаниясының бас­шысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуын­ша, өткен жылы Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстары тоқтатылмай, бір жыл ішінде мұнай өңдеу көлемін рекордты көрсеткішке дейін жеткізген.
«Қазір жөндеуге қарамастан, зауыт жұмысын тоқтатқан жоқ. Бүгінде зауыт 50-70 %-ға тең қуаттылықпен жанар-жағар­­май шығаруды және жөнелтуді жалғас­­тыруда. Жалпы алғанда, Атырау мұнай өңдеу за­уыты өндірістік жоспарды толық­тай орын­дайды деп күтілуде. Басты міндет – жөндеу жұмыстарын сапалы және уақытылы атқару», – деп атап өтті Мағзұм Мырза­ғалиев.
Атырау мұнай өңдеу зауытының бас ди­ректоры Мұрат Досмұратовтың айтуын­ша, жыл басынан бері, яғни 9 ай ішінде зауыт 4,2 миллион тонна мұнай өңдеген.
«Бұл жыл басында бекітілген жоспардан 112 мың тоннаға артық. Оның ішінде жыл басынан бері 1 миллион тонна автобензин, 1 миллион 200 мың тонна дизельді отын, 114 мың тонна әуе отыны мен басқа да мұнай өнімдері өндірілді. Жөндеу жұмыс­тары қараша айының екінші жартысына дейін жалғасады», – деді Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратов.
Мәселен, өндірістік жоспарға сәйкес, қазан-қараша айларында 692 мың тонна мұнай өңдеу жоспарланған. Мұнай өңдеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 11 347 тоннаны құрайды. Бұл зауыттың жо­балық қуаттылығының 68%-на тең. Айта кетерлігі, Атырау облысына жұ­мыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ком­паниясының басшысы Мағзұм Мырза­ғалиев жөндеу жұмыстарынан бөлек, өзге де маңызды мәселелердің жай-жапсарымен танысты. Айталық, қазір зауыт «TAZALYQ» жобасын жүзеге асыруда. Атыраудың эко­логиялық ахуалы үшін бұл жобаның маңы­зы зор. Қарапайым сөзбен айтқанда, аталған жоба мұнай өңдеу процесінің Атырау қаласының флорасына, фаунасына және атмосфералық ауасына теріс әсерін жоюға мүмкіндік береді. Екі кезеңде жүзеге асырылатын жоба 2023 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Зауыт қызметкерлерімен өткен жиын соңында «ҚазМұнайГаз» компаниясы басшысы жоспарлы жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау, цифрландыру мен автоматтандыруға арналған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру, «TAZALYQ» жо­басын сапалы жүзеге асыру туралы тап­сырма берді. Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев зауыттағы электр энергиясы жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің ма­ңыз­дылығы туралы айтып, АМӨЗ басшы­лығына «KEGOC» АҚ-мен бірлесе отырып зауытты энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруды жалғастыруды тапсырды. Еске сала кетелік, Энергетика ми­нистрлігі бекіткен жоспарлы-алдын алу жөндеу кестесіне сәйкес, қазанның 1-і күні АМӨЗ-де технологиялық қондырғыларды жөндеу жұмыстары басталды.  

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Серік Арыстан, АМӨЗ-дің Жұртшылықпен байланыс, мемлекеттік органдармен, мердігерлік ұйымдармен жұмыс істеу және әкімшілік мәселелер жөніндегі департамент директоры:
Жөндеудің мұндай тәсілі Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарында бұрын-соңды қолданылмаған. Жоспарлы жөндеу аясында қондырғыларда катализаторларды ауыстыру, ішкі инспекция, реакторлық, ыдыстық, колонналық, жылу алмасу жабдығы мен құбыр жолдарын тексеру және куәландыру жұмыстары жүргізілуде. Ерекше атап өтерлігі, зауыттағы технологиялық қондырғыларды жөндеу процесі алғаш рет кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл әдіс мұнай өнімдерін шығаруды тоқтатпауға мүмкіндік беріп отыр.