Қазан айынан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары басталды. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Атырауға келіп, зауыттың жөндеу жұмыстарымен танысты. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, өткен жылы Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстары тоқтатылмай, бір жыл ішінде мұнай өңдеу көлемін рекордты көрсеткішке дейін жеткізген.
«Қазір жөндеуге қарамастан, зауыт жұмысын тоқтатқан жоқ. Бүгінде зауыт 50-70 %-ға тең қуаттылықпен жанар-жағармай шығаруды және жөнелтуді жалғастыруда. Жалпы алғанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты өндірістік жоспарды толықтай орындайды деп күтілуде. Басты міндет – жөндеу жұмыстарын сапалы және уақытылы атқару», – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратовтың айтуынша, жыл басынан бері, яғни 9 ай ішінде зауыт 4,2 миллион тонна мұнай өңдеген.
«Бұл жыл басында бекітілген жоспардан 112 мың тоннаға артық. Оның ішінде жыл басынан бері 1 миллион тонна автобензин, 1 миллион 200 мың тонна дизельді отын, 114 мың тонна әуе отыны мен басқа да мұнай өнімдері өндірілді. Жөндеу жұмыстары қараша айының екінші жартысына дейін жалғасады», – деді Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратов.Мәселен, өндірістік жоспарға сәйкес, қазан-қараша айларында 692 мың тонна мұнай өңдеу жоспарланған. Мұнай өңдеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 11 347 тоннаны құрайды. Бұл зауыттың жобалық қуаттылығының 68%-на тең. Айта кетерлігі, Атырау облысына жұмыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев жөндеу жұмыстарынан бөлек, өзге де маңызды мәселелердің жай-жапсарымен танысты. Айталық, қазір зауыт «TAZALYQ» жобасын жүзеге асыруда. Атыраудың экологиялық ахуалы үшін бұл жобаның маңызы зор. Қарапайым сөзбен айтқанда, аталған жоба мұнай өңдеу процесінің Атырау қаласының флорасына, фаунасына және атмосфералық ауасына теріс әсерін жоюға мүмкіндік береді. Екі кезеңде жүзеге асырылатын жоба 2023 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Зауыт қызметкерлерімен өткен жиын соңында «ҚазМұнайГаз» компаниясы басшысы жоспарлы жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау, цифрландыру мен автоматтандыруға арналған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру, «TAZALYQ» жобасын сапалы жүзеге асыру туралы тапсырма берді. Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев зауыттағы электр энергиясы жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығы туралы айтып, АМӨЗ басшылығына «KEGOC» АҚ-мен бірлесе отырып зауытты энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруды жалғастыруды тапсырды. Еске сала кетелік, Энергетика министрлігі бекіткен жоспарлы-алдын алу жөндеу кестесіне сәйкес, қазанның 1-і күні АМӨЗ-де технологиялық қондырғыларды жөндеу жұмыстары басталды.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Серік Арыстан, АМӨЗ-дің Жұртшылықпен байланыс, мемлекеттік органдармен, мердігерлік ұйымдармен жұмыс істеу және әкімшілік мәселелер жөніндегі департамент директоры:Жөндеудің мұндай тәсілі Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарында бұрын-соңды қолданылмаған. Жоспарлы жөндеу аясында қондырғыларда катализаторларды ауыстыру, ішкі инспекция, реакторлық, ыдыстық, колонналық, жылу алмасу жабдығы мен құбыр жолдарын тексеру және куәландыру жұмыстары жүргізілуде. Ерекше атап өтерлігі, зауыттағы технологиялық қондырғыларды жөндеу процесі алғаш рет кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл әдіс мұнай өнімдерін шығаруды тоқтатпауға мүмкіндік беріп отыр.