Бүгін Астанада ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы аясындағы бастамаларын қолдап, осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқан мемлекет басшыларына алғыс айтты.
«Бүгін Кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан президенті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов отырысқа алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін. Гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер Мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.