«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Мұнай-газ саласы комитетінің алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында комитеттің құрамы мен ережесі бекітілді.
Комитет төрағасы болып Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Ғалым Әміреев, ал комитет хатшысы болып Астана қаласындағы Petrocouncil өкілі Ғибрат Сәрсенов сайланды.
«Комитет алдында мұнай-газ саласын дамыту, соның ішінде түйткілді мәселелерді шешу жөнінде ауқымды міндет тұр. Саладағы кейбір компаниялардың жасырын монополиялық жағдайы, кейбір ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамтудың аз үлесі, дизель отынының жыл сайынғы тапшылығы және маусымдық баға өсімі туралы бәріміз білеміз. «AMANAT» партиясының алаңында мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен, бейінді қауымдастықтармен және нарық өкілдерімен бірлесіп, осы мәселелерді шешу жолын қарастырамыз», – деді комитет төрағасы Ғалым Әміреев.Өз кезегінде, Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов шешімін күтіп тұрған бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті.
«Комитеттің салалық және кәсіби құрамын ескере отырып, біріншіден мұнай-газ саласын дамыту, соның ішінде ірі мұнай-газ жобалары бойынша келісімшарттарды қайта қарау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге кірісуіміз керек. Екіншіден, отандық жабдық өндірісінің, саладағы жергілікті IT-мамандардың тапшылығын назарға алуға тиіспіз. Сондай-ақ, халықаралық компаниялар елімізде сервистік орталықтар ашпайды. Сертификаттау орталықтары жоқ», – деді ол.Сондай-ақ, отырыс барысында Комитет мүшелері тауарлар мен қызметтерді сатып алу, салық жеңілдігін ұсыну, мұнай-газ саласындағы отандық тауарлар каталогының болмауы сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Отырыс қорытындысы бойынша, Комитет жұмысын заң жобалау қызметіне, фискалдық преференцияларды әзірлеуге, қолданыстағы және болашақ мұнай-газ жобаларында тауарлардың, жұмыс мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық үлесін ұлғайту жөніндегі шараларды ұсынуға шоғырландыру туралы шешім қабылданды.