ЕҰУ-да Лев Гумилевтің 110 жылдығына орай ХІХ Еуразиялық форум өтті

ЕҰУ-да Лев Гумилевтің 110 жылдығына орай ХІХ Еуразиялық форум өтті

Бүгін Еуразия ұлттық университетінде «Лев Гумилев және Ұлы дала: тарих және қазіргі заман» ХІХ халықаралық Еуразиялық форумы өтті. Жиын көрнекті ғалым Лев Николаевич Гумилевтің 110 жылдығына арналған. Форумға отандық сарапшылармен қатар Венгрия, Түркия, Моңғолия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және басқа елдердің шетелдік ғалымдары қатысты. Олар Лев Гумилевтің түркі, моңғол, славян және Еуразия кеңістігінің басқа да халықтарының тарихын зерттеуге қосқан ғылыми тұжырымдамаларының үлесін талқылады.    

«Ұлы даламыздың тарихына сан қырлы контексте елеулі зерттеу мұрасын қалдырған көрнекті ғалым Лев Николаевич Гумилевтің тұжырымдары бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Дүниежүзілік тарихқа енген көшпенділер мен түркі өркениеті туралы танымал ғылыми деректер халқымыздың тарихи санасына елеулі әсер етті. Мемлекет басшысы құндылықтар жүйесін түбегейлі жаңаруы қажеттігін атап өтті.  Тағы бір маңызды жұмыс – тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, ұмыт болған есімдерді қайта жаңғырту керек. Ұлт пен тұлғаның тарихын тың идеялар, халықтың интеллектуалдық әлеуеті қалыптастырады. Соңғы үш жылда әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175, Ахмет Байтұрсынұлының 150, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын тиісті деңгейде атап өту осыны дәлелдей түседі», - деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов.
Сондай-ақ, ғалымдар Лев Гумилевтің ғылыми тұжырымдамалары, Ұлы Дала және көшпелілер өркениеті тарихының мәселелері, түркі әлемінің дүниежүзілік тарихтағы рөлі туралы пікір алмасты.  
«Лев Николаевич Гумилев - дарынды, сан қырлы тұлға, батыл азамат. Ол тың мәлімдемелер мен әзірлемелердің, көптеген ерекше идеяның авторы. Тыйым салынған тұста да түркі әлемі туралы қаймықпай айтты, осылайша түркі халықтарының рухын көтерді. Дала белдеуі көшпенділерінің даму деңгейін отырықшы аймақтардың фермерлерінің даму деңгейімен салыстырды. Ол көшпелі түркі қоғамында  дамыған мемлекеттілік пен жоғары руханиятты қарастырады. Гумилев Манчжуриядан Дунайға дейінгі Еуразияның ұлы даласының әнұранын шырқап, ежелгі дәуірден бастап орта ғасырларға дейінгі түркі және моңғол халқы мен тайпаларының этносаяси тарихын баяндады», - деп атап өтті ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмеков.
Форум барысында Венгрия ғылыми академиясының бас ғылыми қызметкері Давид Шомфай Кара, Шешен мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Зулай Исакиева, Баку мемлекеттік университетінің профессоры Нисбет Мехдиева және басқа да қатысушылар баяндама жасады. Сондай-ақ, Астана қаласы ҚР қолжазбалары мен сирек кездесетін кітаптары ұлттық орталығының «Ұлы дала халықтарының жазбаша көздері» көрмесі өтіп, Л. Н. Гумилевтің мемориалдық кабинетіне экскурсия өткізілді. Лев Гумилевті еске алған форумға қатысушылар Еуразия ұлттық университетіндегі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиналған қонақтарға алғаш рет Лев Гумилевтің қатысуымен 1986 жылы «Қазақтелефильм» киностудиясы түсірген бірегей фильм ұсынылды. Форум қорытындысы бойынша қатысушылар Ұлы Дала мәселелерімен және Л. Н. Гумилевтің ғылыми мұрасымен айналысатын ғылыми қоғамдастықтың одан әрі ғылыми ізденістерін анықтау үшін қарар қабылдады.