«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты тұңғыш рет әлеуметтік желілерде «Қасиетті домбыра» республикалық байқауының басталғаны жайында хабарлады. «Жастар өз уақытының басым бөлігін әлеуметтік желілерде өткізеді. Сондай-ақ Instagram, TikTok сынды қосымшаларда жастар арасында ұлттық болмысымыз – ұлттық аспаптада ойнау «трендке» айналуда. Осы тұста рухтастар болып олардың назарын аталған байқауға бұруды жөн көрдік. Байқаудың мақсаты – қазақ мәдениетінің қазынасы ретінде домбыраның құндылығы мен маңыздылығын көтеру және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін ояту. Жеңімпаздарға арнайы ақшалай және бағалы сыйлықтар қарастырылатын болады», – деді «Жастар Рухы» төрағасы Нұржан Жетпісбаев. Байқау шарттары төмендегідей:
- Қатысушы домбырада танымал композицияны орындап, өзін таныстырады (аты-жөні, тұрып жатқан аймағы, шығарманың атауы), бейнероликті әлеуметтік желілерде жариялайды. Байқау ұйымдастырушыларын белгілеп (@jastar_ruhy), келесідегі хэштегтерді жазуы тиіс: #қасиеттідомбыраконкурс #жастаррухы ;
- @jastar_ruhy парақшасына тіркелу;
- Байқау өткізу кезеңінде қатысушы парақшасының ашық болуы;
- @jastar_ruhy ресми аккаунтының байқау жариялаған жазбасы астында 5 досын белгілеу (бұл байқау жеңімпаздарын анықтау кезінде ескеріледі);
- Видео форматы – Reels (16:9);
- Жас шектеуі жоқ;
- Фейк парақшалар есептелмейді және конкурстық комиссияға өткізілмейді.