Қазақстан халқының жартысы алда жер сілкінуі мүмкін аумақта тұрып жатыр. Онда экономика мен өнеркәсіптік әлеуеттің 40 пайызы шоғырланған. Қорқыныштысы сол, ғалымдар бүгінде Жер планетасының қыртыстарында сейсмикалық процестердің жандану кезеңі басталғанын ескертті. Ал ТЖМ Қазақстанның бұған дайын еместігін білдірді. Бұл сала тоқыраған. Нақты қай жерде жер сілкінетіні белгісіз, бірер өңірден басқасында заманауи бақылау стансалары жоқтың қасы. Сондықтан мемлекет салада түбегейлі реформаларды қолға алмақ. Осыдан 11 жыл бұрын, 2011 жылы 21 ақпанда Атырау жұртшылығын шошынтқан оқиға болды: Теңіз кен орны маңында жер сілкінді. Еуропалық сейсмология орталығының дерегінше, сілкініс 4 балды құрады. Соның өзін «Теңізшевройл» жұмысшылары қатты сезген. Сілкіну зорайғанда, тереңнен мұнай өндіретін кешендер, құбырлар және басқасы жарылып, алапат атап болатын еді. Мамандар зілзала Теңіз кен орнын қарқынды игерумен тікелей байланысты деді. 2010 жылға қарай онда жер қойнауынан 25,9 миллион тонна мұнай алынған. Қазір бұл көрсеткіш 50 миллион тоннадан асып кетсе керек. Елді үрейлендіргені – Атырау өңірі сейсмикалық қауіпсіз аймаққа жатқызылып келді. Бірақ бұл өңірде бұған дейін де жер тербелген. Онда өңір неге зілзала қаупі жоқ өңірлер тізімінде тұрған? Мұның мәнісін геологиялық-минералогиялық ғылымдардың докторы, белгілі ғалым Әлқуат Нұрмағамбетов түсіндірді.
«Өкінішке қарай, осы күнге дейін бұл аймақта арнайы сейсмологиялық зерттеулер жүргізілмегендіктен, ошағы Атырау жерінде орналасқан жер сілкіністері тіркеуге алынбаған. Сол себепті Атырау өңірі сейсмикалық қауіпсіз аймаққа жатты. Бұл – өңірде жер сілкіну қаупінің төмендігінен емес, аймақтың сейсмологиялық тұрғыдан зерттелмеуінен және сейсмологиялық деректердің жоқтығынан болды. Теңіз кен орны аумағында болған техногендік жер сілкіністері жайындағы деректер де көп емес. Сейсмология институтының дерегінше, 2004-2005 жылдары кен орны маңында жұмыс істеген сейсмикалық жүйе бірнеше әлсіз техногендік жер сілкіністерін тіркепті. Алайда кейінгі жылдары тиісті қаржы бөлінбей, бұл бақылау жүйесі жабылып тынды», – деді ғалым.Ғалымдар пікірімен Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) мамандары келіседі: тиісті зерттеу және бақылау болмағандықтан, кейбір өңір қауіпсіз аймаққа жатқызыла салынған. Ендігі мақсат – салаға тиісті қаражат бөліп, әр өңірге қатысты зерттеу жүргізу, ол аумақтардың сейсмикалық қауіпсіздігін растау, қаншалықты қауіп барын анықтау. Станса түгіл, картаға да қаржысы жоқ Ең құрығанда, жалпы және егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру карталарын, сондай-ақ Сейсмикалық шағын аудандарға бөлу карталарын жасау қажет. Соңғы карталар әрбір өнеркәсіптік орталыққа, мегаполистерге арнап, жеке-жеке жасалады. Қолданыстағы Сейсмикалық шағын аудандарға бөлу карталарының көбі сонау 1983 жылы түзілді. Дұрысы, әрбір 10–15 жылда жаңартылып тұруы тиіс. 1970 жылдары сол карталарды құрастыруға қатысқан Ә.Нұрмағамбетовтің айтуынша, олар тектоникалық жарылған жерлердің аймақтарын бөліп көрсетіп, белгілі бір жер телімдерінде құрылыс жүргізуге шектеулер енгізді. Ал 90-шы жылдарда ол шектеулердің бәрі алып тасталған. Сейсмологтардың ескертпелеріне еш назар аудармастан, осы аумақтардағы қалаларда (ал бұл 400-ден астам қала мен елді мекен) қарқынды түрде құрылыстар бой көтеруде. Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Қазақстанда өткір тұрғанын Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жасырмады. Әрине, сейсмикалық қауіпті аймақтардағы қалаларда жаңа ғимараттар салынбасын, олар дамымасын деген тыйым жоқ. Шектеу ол аудандардағы құрылыстарды жер сілкінісіне төтеп беретіндей, төзімді етіп салуға қатысты болып отыр. Немесе, ол жердегі ғимарат қосымша сейсмикалық күшейтілуі тиіс. Бұл талапты сақтап отырғаны шамалы. Талап бойынша әр қала үшін оны сейсмикалық шағын аудандарға бөлу карталары жасалады, ал ғимараттар мен құрылыстар осы карталарға сәйкес жобаланып, тұрғызылуы шарт. Тұрғындарының саны 30 мыңнан асатын әрбір қала және сейсмикалық қауіптілігі 6 балл және одан жоғары аудандарда орналасқан аумақтар үшін «Сейсмикалық шағын аудандарға бөлу карталары» жасалуы қажет. Жасалмады. Себебі қаражат жоқ.
«Қазіргі басты бір проблема сол, осы карталарды жасау іс-шаралары республикалық бюджеттен жеткілікті қаржыландырылмайды. Заңнамада карталарды әзірлеуге атсалысу құзыреті болмағандықтан жергілікті әкімдіктер қанша қаласа да, сейсмикалық аудандарға бөлу карталарын әзірлеуді қаржыландыра алмайды», – деді министр.Бұл мәселені шешу үшін қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу ұсынылды. Осы мақсатта «Кейбір заңнамалық актілерге азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Құжат қабылданса, «Егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру, сейсмикалық шағын аудандастыру карталарын әзірлеу және сейсмологиялық бақылау жүйелерін дамыту» мәселелері жете қаржыландырылмақ. Бұл түзету соған жергілікті әкімдіктердің қаржы бөлуіне мүмкіндік береді. Мамандардың алаңдауы негізсіз емес Ғалымдар мен мамандардың қауіп қылатын жөні бар. Салыстырсақ, соғыс салдарынан жерінің 20 пайызға жуығынан және экономикасының сол шамалас бөлігінен айырылып қалған Украина қатты күйзеліп, G7 елдерінен қосымша 50 млрд доллар көмек сұрауға мәжбүр болды. Бетін аулақ қылсын, бірақ Қазақстан территориясында ауқымды зілзалалар болса, олар ел халқының жартысы, 400-ден астам қала мен елді мекен, бүкіл өнеркәсіптік әлеуеттің 40 пайызы шоғырланған аумақты қамтуы ықтимал. Бұл – ТЖМ ресми бағалауы. Осы аумақтар сейсмикалық қауіпті саналады. Бірақ шынайы ауқымы одан да зор болуы ғажап емес.
«Сейсмикалық қауіпсіздік проблемаларын шұғыл шешу қажет. Өйткені XXI ғасыр басында жер қойнауындағы сейсмикалық процестердің жандануының кезекті кезеңі басталды. Қазір Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары 7 және одан жоғары балдық жер сілкіну қаупі бар аумақтарға жатады. Алайда сейсмикалық қаупі жоғары территориялар бұрынғыдан едәуір артты. Бұған қоса, сейсмикалық қауіпті бағалаудың мүлдем жаңа тәсілдемелері енгізілді. Оның үстіне, сейсмологиялық мәліметтердің тапшылығы кесірінен белгісіздік сақталуда. Сондықтан әр өңірдің сейсмикалық ахуалын нақтылаудың ауқымды жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындады», – деп түсіндірді ТЖМ.Саланы былық жайлағанын мынадан байқауға болады: республикада сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен «Сейсмология институты» ЖШС және «Сейсмикалық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС (СТӘЭ) айналысады. Олар әр ведомствоның қарауына «лақтырылып», қақпақылданумен болды. Соңғы 20 жыл ішінде бұл екі ұйым меншік формасын бірнеше рет ауыстырды. Мемлекеттік органның тікелей қарауынан шығарылып, «Геологиялық-географиялық зерттеулер орталығы» РМК, «Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байыту орталығы» РМК, «Парасат» холдингіне, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне берілді. 2019 жылы БҒМ Ғылым комитетінің қарамағына табысталды. Ақыры, Үкімет 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен институт пен экспедицияны Білім және ғылым министрлігінен алып, ТЖМ қарамағына берді. Енді жаңа реформа аясында олар тағы да қайта құрылымданады. ТЖМ «Мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын сарапшылар талқылауына шығарды. Ол қабылданса, «Сейсмология институты» ЖШС мен «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС-ін біріктіру арқылы мемлекетке 100 пайыз тиесілі болатын жаңа ұйым құрылмақ. Ол «Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталады. 20 өңірдің тек 7-уі бақылауда ТЖМ бұл серіктестіктердің қызметіне талдау жүргізді.
«Қаулы жобасы сейсмология саласындағы 2 ұйымды біріктіруді көздейді. Бұл сейсмологиялық, геофизикалық, гидрогеохимиялық және басқа бақылаулардың бірыңғай деректер банкін қалыптастыруға ықпал етеді. Өлшеу, бақылау сапасы айтарлықтай жақсарады. Әкімшілік аппарат қысқартылады, бюрократия азайып, мониторингті басқару тиімділігі артады. «СТӘЭ» қызметкерлері үшін біліктігін арттыру, гранттық және нысаналы қаржыландыру бағдарламалары аясында ғылыми зерттеулерге қатысу мүмкіндіктері пайда болады. Бірыңғай басқару, тиімді құрылым және қалыптасатын кері байланыс негізінде қос ғылыми, өндірістік бөлімдердің бірлесе жұмыс істеуі Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сейсмологиялық зерттеулердің сапасын арттыруға септігін тигізеді», – деді министр Ю.Ильин.Жалпы, озық дамыған елдерде сейсмологиялық институттар мен жер сілкіністерін бақылау, есепке алу қызметтері бір ұйымға біріктірілген. АҚШ-та – Америка геологиялық қызметі, Германияда – Жер туралы ғылыми институты (GFZ), Еуропалық одақта – Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық қызметі, Қытайда – ҚХР Ғылым академиясының сейсмология және геофизика институты бар. Әйткенмен, қос ұйымды біріктірумен мәселе шешілмейді. Зілзалаларды бақылау, болжамдау бекеттерінің онсыз да аз саны тозып, жабылу салдарынан тіпті азаюда. Қолданыстағыларының жабдығы ескірген. Желіні соңғы жаңғырту 20 жыл бұрын: 2000-2003 жылдары жүргізілген.
«Қазіргі жүйенің кемшілігі сол, елдің бүкіл сейсмикалық белсенді және әлсіз сейсмикалық аумағы сейсмологиялық стансалармен толық қамтылмаған. Сейсмикалық бақылауды жүргізетін «СТӘЭ» ЖШС-нің 63 стансасы ғана бар, оның 6-ы таяуда істен шықты. Стансалар тек Алматы қаласы мен 6 облыстың аумағында орналасқан: Алматы облысында – 35 станса, Алматыда – 16, Жамбыл, Түркістан облыстарында – 4-еуден, ШҚО-да – 2, Қарағанды және Қостанай облыстарында – 1-уден. Бүгінде сейсмикалық қауіпті аймақта 2 мегаполис (Алматы, Шымкент) және 10 облыс (Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан) орын тепкен деп есептеледі. Әйтсе де, табиғи қазба байлықтары белсенді өндіріліп жатқан елдің батыс және орталық өңірлерінің техногендік жер сілкіну қаупі зерттелмеген», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.Мамандардың есептеуінше, Қазақстанның бүкіл территориясында қосымша 187 сейсмостанса орнату талап етіледі. Оның бағдарламалық қамтылымын жаңартуға зәрулік бар. Қаржы да тапшы. Сейсмикалық салаға 2021 жылы – небәрі 461 млн, 2022 жылы – бар-жоғы 463 млн теңге бөлінді. Бұл 900 мың доллар тұратын қымбат бір көліктің құны ғана. Қазақ елін ғаламат апаттан қорғап қалудың қамын қазірден жасаған жөн. Ол үшін қаржыландыруды арттыру өмірлік маңызды.