«Исабеков әлемі» шымылдығын түрді
«Исабеков әлемі» шымылдығын түрді
518
оқылды
Биыл көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың ие­ге­рі, драматург Дулат Иса­беков сексеннің сеңгіріне аяқ басты. Осыған орай, Алматы қаласында дәстүрге айнал­ған II халықаралық «ИСАБЕ­КОВ ӘЛЕМІ» атты театр фес­тивалі басталды. Фести­валь­ге қазақ театрларынан бөлек, Түркия, Грузия, Аустралия театр­лары да қатысып жатыр. Мерейтойлық фестивальдің ашылу салтанаты Almaty Theatre ғимаратында өтті. Ең әуелі Дулат Исабеков отбасымен, одан кейін алыс-жақыннан келген театр әр­тістері қызыл кілеммен жүрді. Ме­рекелік шараға жиналған жұрттың қарасы да қалың болды. Ұлт зия­лылары мен қаламгерлер, БАҚ өкілдері мен жазушы оқырмандары осы кеште бас қосты. Баспасөз конференциясында бірінші болып сөз алған Евразия шығармашылық Гильдиясының вице-төрағасы, Hertfordshire Press UK баспагері Марат Ахмеджанов Лондонда жарық көрген жазушының қос кітабын таныстырды.
– Бұған дейін Альфред Но­бельдің Отанында Дулат ағамыз­дың кітабы басылып, оған «Гау­һартас», «Сүйекші», «Дермене», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты бес повесі және бірнеше әңгімесі енген еді. Жинақты швед академигі, Нобель сыйлығының лауреаты Бенгт Самуэльсон аударған. Туынды Швециялық сыншылардың жо­ғары бағасын да алды. Енді биыл «Бонапарттың үйленуі» атты кі­табы, халықаралық сыншы­лардың пікірімен басылып отыр. Кітаптың тұсаукесері желтоқсан айында өтеді, – деді Марат Ахмеджанов.
Оның айтуынша, жылдың со­ңында Аустралияның Мельбурн театры танымал «Бөрте» қойылы­мын қояды. Режиссері – Ворен Вилс. Ол осы фестивальге арнайы келіп қатысуда.
– Мен Қазақстанға бірінші рет келдім. Композитор, режиссер ре­тінде мені әрқашан талантты адамдармен жұмыс істеу шабыт­тандырады. Дулат Исабековпен бірігіп жасаған жұмысымыз ерекше әсер сыйлады. Бұл менің шығыс халқы жайлы алғашқы жобам. 2020 жылы спектакльді қоюға кірістім. Алайда пандемияның салдарынан премьера ұзаққа созылып кетті. Марат маған Бөрте туралы алғаш айтқан кезде мен өзіме тарихи жаңалық аштым. Әр қойылымның өз уақыты болады. Меніңше қазір, Аустралияға Бөрте сияқты туынды керек. Себебі қазір әлем әйелдерге назар аударып, Аустралия билігіне де әйелдер келіп жатыр. Бөрте образы әйелдің қайсарлығын көрсетеді, – дейді Ворен Вилс.
Иә, Дулат Исабеков әлемдік аренадағы жазушы. Себебі дра­матургтың пьесаларына еуропалық театрлар қызығып отыр. «Бөрте» пьесасын Вена, Цюрих, Брюссель театрлары сахналауға дайындықты бастап кеткен. Ал Түркиялықтар Дулат Исабековке арнап арнайы журнал шығарыпты. Ол журналда жазушының шығармашылығы, өмірі жайлы әріптестері мен түркиялық әдебиетшілердің пікірі берілген.
– Мен Дулат Исабековтің шы­ғармашылығын зерттеп, аударып келе жатқан қарапайым адаммын. Осы уақытқа дейін бірнеше әңгі­месін аударып, оны театрда сах­налап та жатырмыз. Құдай қаласа, 2-3 айдың ішінде жазушының 7 хикаяты 2 кітап болып басылып шығады. Бұл біз үшін, Түркияның оқырмандары үшін жағымды жаңалық болып есептеледі. Себебі, қазақ әдебиеті Түркияда көп та­ныла қойған жоқ. Тіпті, ірі жа­зушылардың шығармалары түрік тіліне аударылмады. Біз Дулат ағаның шығармаларының Түр­кияда танымал болатынын сенім­мен айта аламыз. Себебі, қазірдің өзінде кітапқа деген сұраныс кө­бейген. Бұл дегеніміз, Дулат Иса­беков Түркияда ең көп оқылатын шетел жазушысының бірі болып халық жадында сақталады деген сөз», – дейді PhD, ғалым, аудар­машы Ашур Өздемир.
Бұрын-соңды қазақ қалам­герлері арасында халықаралық деңгейде театр фестивалін өткіз­гендер болмады. Ал бұл фестивальға алыс-жақын шетелдерден үш театр: Эрзурум театры (Түркия Республикасы) «Өкпек жолаушы», И. Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театры (Грузия) «Актриса» спектаклімен және Мельбурн театры (Аустралия) «Бөрте», Қазақстаннан үш театр: М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Жүз жылдық ма­хаббат», Мемлекеттік Құдыс Құ­жамьяров атындағы ұйғыр му­зыкалық комедия театры «Мұра­герлер» және Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спекта­кльдерімен қатысып, бақтарын сынамақ.
– Фестивальге бұдан да көп театрлар қатыспақ болды. Алайда, қаражаттың аздығына байланысты 6 театрға ғана рұқсат берілді. Шетелдің біраз театры, біздің театрларымыз ілінбей қалды. Біз осы жолы Аустралияның өнер­паздары қазақ қызының бейнесі Бөртені қалай қояды деген қызы­ғушылық танытып отырмыз. Осы­дан біраз уақыт бұрын олар мені премьераға шақырған, алайда денсаулығыма байланысты бар­маған едім. Олар қазақ қызына қатты қызығушылық танытып отыр, себебі қазіргі таңда Еуро­паның сахналарында ер адамның бейнесі көбейіп кетті. Сонымен қатар, біз Шыңғысханды білеміз, ал Бөртені таныстыру бізге, әлем елдеріне де сенсация болды. Олар атын өзгертіп, «Борте – импорта­ция мира» деп сахналап жатыр. Қазақ қызының ержүрек, қай­сарлығы, бірбеткейлігі еуропа­лықтар үшін ерекше құбылысқа айналған жайы бар, – дейді жа­зушы Дулат Исабеков.
Дегенмен жазушы: «мерей­тойлық маусымды мақтан үшін емес, жасаған аз ғана еңбегімді халық көріп, бағасын берсе деп өткіземін», – дейді. Халықаралық «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты театр фестивалі алғаш рет 2012 жылы Дулат Исабековтің 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен болатын. Театр фестиваліне бір автордың шығармашылығы бойынша қойған Түркия, Болгария, Башкортостан, Тәжікстан, Ресей (Омбы және Санкт-Петербург театрлары) сияқ­ты мемлекеттердің театрлары мен республикалық театрлардан бас-аяғы 12 театр қатысты. Қазақ әде­биеті мен драматургиясының асыл қазынасына айналған Дулат Иса­бековтің туындылары бойынша өткен фестиваль еліміздің мәдени, рухани өмірінде ойып тұрып орнын алған мерекелік шара ретінде есте қалғаны белгілі. [caption id="attachment_222488" align="aligncenter" width="1739"]Дулат Исабеков © фото: Күлайна Оразбекқызы[/caption] «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» театр фестивалінің мақсаты – еліміздің рухани кеңістігіндегі халықаралық мәдени байланысты нығайту, қазақ драматургиясын және Қазақстан театрларының өнерін насихаттау, ерекше режиссерлық шешімдер мен идеяларға қолдау көрсету, дра­матург-театр – көрермен арасын­дағы қарым-қатынасты дамыту. Айта кету керек, II халықаралық «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты театр фестивалінің шымылдығы Түр­кістан музыкалық драма театры­ның репертуарындағы «Бөрте» та­рихи драмасымен ашылды. Ал алдағы күндері қара шаңырақ, Мұх­тар Әуезов атындағы театр ғи­маратында драматургтың басқа да шығармалары қойылады. Келіп көремін деушілерге театр есігі ашық!