Ақтөбелік кәсіпкерлерге қолдау көбейеді
Ақтөбелік кәсіпкерлерге қолдау көбейеді
Ақтөбеде әлі де болса кейбір биз­нес субъектілері газбен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар ала алмай отыр. Өйткені газ тапшы. Облыс басшылығы бұл мә­селені шешу үшін шаралар қабыл­дауда. Таяуда Ақтөбе об­лысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің бизнес-қоғамдастығымен кездесу өткізіп, осы жайтты талқыға салды. Кездесуді облыс әкімдігі өңірлік кәсіп­керлер палатасымен бірлесіп ұйымдас­тырды. Басқосуға «Атамекен» ҰКП бас­қарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков, «Даму» КДҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Мақа­жанов, әкімдік, құқық қорғау және қа­дағалау органдарының, салалық қауым­дастықтардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Кәсіпкерлердің сауалдары әртүр­лі салаға байланысты болды. Білім беру, мем­ле­кеттік сатып алу, газбен жабдық­таудағы проблемалар тілге тиек етілді. Мысалы, «Жаңажол ГТЭС» ЖШС 2020 жыл­дан бастап тауарлық газдың шектеулі кө­лемін алған. Серіктестікке бөлінетін кө­лемі 234,5 текше метр газ электр стан­сасы қуатының тек 40 пайызын жүктеуге жетеді. Мұны компанияның бас директоры Сағадат Наутбаев айтты. Ал SD Enrustru ЖШС-на объектіні газбен жабдықтау же­лі­леріне қосуға рұқсат берілмеген. Осының сал­дарынан компания айына 1,5 млн дана кірпіш өндіретін жобаны іске қоса алмай отыр. Әйтпесе, құрылыс материалдарының тапшылығы жағдайында аймаққа қажет жоба болатын. Осындай жағдайға бірнеше кәсіпкер тап болған. Кесірінен несие алып, шығынға ұшырағандар бар. Жиында бұған ұқсас өтініштер хаттамаға енгізілді. «Қазгазтранс Аймақ» АҚ Ақтөбе өн­дірістік филиалының мәліметінше, қолда­ныстағы газ құбырларының қуаттылығы төмендеген. Осы тұста өңір басшысы Е.Тоғжанов «Бұхара-Орал» газ құбыры мен магистралды газ құбырының 3 желісін салу бойынша шаралар қабылданып жатқанын баяндады. Бұдан өзге мәселелер де же­терлік.
«Құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің соттар арқылы қысқы қымбаттау коэффициентін өндіріп алу бойынша мемлекеттік органдарға шағымы жиілеп кетті. Кейбіреулер, яғни мемлекет­тік орган тарапынан заңды бұзғаны үшін, бұл жағдайда әдеттегідей мемлекеттік орган емес, бизнес жауап беруде. Мысалы, Мұғалжар ауданының құрылыс бөлімі Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысы негізінде «Интер ЭлектроКомплект» ЖШС-на қыс мезгілінде істеген жұмысы үшін төленген 5,5 млн теңге соманы қайта өндіріп алу үшін сотқа талап-арыз беріпті», – деп атап өтті адвокат Динара Ермұхам­бетова.
Облыс прокуроры жеке қабылдау шең­берінде мәселені егжей-тегжейлі талдауға дайын екенін айтты. Бұдан бөлек, мектеп асханаларында кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан оқушыларды тамақтандыруға бюджеттен бөлінетін соманы ұлғайтуды сұрауда.
«Мемлекет бизнес өкілдеріне көпба­лалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға бір ыстық түскі ас бергені үшін 507 теңге төлейді. Инфляция­лық процестердің күш алған кезде индек­стеуді қолдана отырып, мектеп оқушылары үшін ыстық тамақ бағасын есептеу әдіс­темесін өзгерту қажет. Азық-түлік бағасы­ның өсуін ескерсек, қазір балалардың тамақтануын толық қамтамасыз ету ісі нормаларға сәйкес келмейді. Бұл мәселені біз бірнеше рет көтердік. Білім басқар­масына 2022-2023 жылдарға арналған бірреттік мектептегі тамақтану бағасын ұлғайтуды қарастыруды сұраймыз», – деп шағымданды кәсіпкер Гүлнар Оралбаева.
Білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан 2023 жылға арналған те­гін ыстық тамақты ұйымдастыруға ар­нал­ған бюджет Ұлттық статистика бюросы ұсынған стратегиялық жоспарлау және ресми баға реформалары бойынша қайта есептелетінін айтты. Осыдан кейін облыс әкімі Ералы Тоғжанов әрбір өтінішке мұ­қият талдау жүргізуді тапсырды.
«2021 жылы 5 мыңнан астам жобаға қол­дау көрсетілді. Биылғы 9 айдың қоры­тындысы бойынша, Ұлттық жоба аясында 2 600-ден астам жоба қолдау тапты. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтуге мемлекеттік бағдарламалар ғана емес, ірі компаниялар да тартылуда. Мысалы, облыс басшылығы ERG компаниясымен Хромтау кәсіпкер­лері­нің жобаларын 3 пайызбен несиелеу ту­ралы келіссөздер жүргізуде. «Ауыл ама­наты» жобасын іске қосу – ауыл халқының табысын едәуір арттырады. Биыл мем­лекеттік қорға 500 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылады. Жалпы, бизнесті дамытуға қатысты көптеген мәселе шешілетін бо­лады», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахип­беков кәсіпкерлікті қорғау бойынша эко­жүйе құру жобасын іске асырып жатқанын атап өтті.
«Атамекен» палатасы проблемалық мә­селелерді шешу үшін бар тетікті қолда­натын болады. Бизнес пен мемлекеттің тиімді өзара іс-қимылын қалыптастыру үшін, бизнес проблемаларын жедел түрде шешу мақсатында палаталар жанында Өңірлік кеңестің салалық комитеттері жұмыс істейді. Олар өз алаңдарында кә­сіпкерліктің жүйелі мәселелерін сарап­тай­ды. Салалар бойынша бірлескен байланыс топтары арқылы әкімнің жетекшілік ететін орынбасарлары, басқармалармен өзара іс-қимыл жасауды ұсынамыз. Мәселелерді кеңірек талқылау керек», – деді ол.
Басқосу Мемлекет басшысының 2022 жылғы 19 мамырда бизнес-қоғамдастықпен кездесу барысында әкімдер кәсіпкерлер мен прокуратура өкілдерінің қатысуымен тоқсан сайын кездесу өткізу қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу аясында жер­гілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйым­дастырылды. Мемлекеттік және қадағалау органдары басшылары, «Атамекен» пала­тасы мен қаржы институттары қызмет­керлері кәсіпкерлердің проблемасына құлақ асу үшін жеке-жеке қабылдады. Форум қорытындысы бойынша, Хромтау қаласында шағын және орта кә­сіп­керлікті қолдау бойынша ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономи­калық дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше кәсіпкер марапатталды. Ақтөбе облы­сының әкімі Ералы Тоғжанов «Ақбөбек» оңалту орталығының құрылтайшысы Күлпаршын Айдархановаға, Ақтөбе об­лысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлшат Масалимоваға, «Рамазан» ЖШС директоры Ертай Қадырұлына, «Глобал – Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаева мен «Айс-плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ишановқа алғысхат тапсырды.