Ақмолада ата кәсіп – мал шаруашылығын дамытып көл-көсір пайдаға кенеліп жатқандардың қатары артып келеді. Мамандардың есебінше, малдың сүтті бағытымен қатар етті қара мал фермалары да көбірек құрыла бастапты. Шаруасы алға басып, ісі өрге домалаған қожалық иелері мемлекет есебінен бөлінген қыруар субсидияның көмегімен шалғай ауылдарда жаңа жұмыс орындарын да аша бастаған. Өңірде тек соңғы жылдары ғана жүздеген мал шаруашылық фермалары құрылған. Олар мемлекеттен шамамен 10 миллиард теңгеге жуық субсидияға ие болған. Жергілікті әкімдіктің тиісті басқармаларының дерегіне қарағанда жаңадан құрылған фермалар өзінің тиімділігін бірден көрсеткен. Мәселен, Жақсы ауданы, Запорожье селосында шаруа қожалығын құрып, ферма ашқан Сергей Чепурной ата кәсіппен 30 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Зейнетке шыққанға дейін кәсіпкер ірі шаруашылыққа жетекшілік еткен. Өмір бойы мал бағып, ауыр еңбектің зейнетін көрер шаққа жетсе де, ақсақал сүйікті кәсібін тастауды жөн санамапты. Шағын шаруа қожалығын ашқан кәсіпкер қара малдың басын көбейтіп сүт фермасын ашуды жөн көріпті.
«Қазір менің 50 бас сауын сиырым бар. Басқа да қара малдың саны көбейіп келеді. Құс өсіріп, үлкен көлемде жұмыртқа да шығарып жатырмыз. Жаңа техника мен құрылғылардың арқасында сүт өнімдерін нарыққа шығарудамыз. Мемлекеттен берілген қолдаудың арқасында асылтұқымды бұқалар сатып алдық. Қазір 1 700 гектар алқапқа бидай мен басқа да дақылдарды егеміз. Өз егістік алқабымыздың болуы сүтті және етті бағыттағы фермаға жемшөп әзірлеуде аса маңызды көмек болып тұр», – дейді Сергей Чепурной.Бүгінде шаруа фермасында жиырмаға жуық жұмысшы еңбек етеді. Жұмысшылардың еш алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай да жасалған. Ал шаруаның өнімдері бірден ауыл мен аудан орталығындағы дүкен сөрелеріне түседі.
«Бізде өндірілген сүт өнімдері бірден сатылып кетеді. Шыққан өнімдер бірден ауыл мен аудандағы дүкен кәсіпкерлері алады. Яғни, өнімдер егістіктен тікелей сөреге жетеді десем де болады. Ешқандай делдал болмағандықтан бағасы да халыққа қолжетімді. Енді өнім көлемін де кеңейтуді көздеп отырмыз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Сергей Иванович.Отыз жылдан астам өмірін ауыл шаруашылығына арнаған тәжірибелі фермер елдің алдағы болашағына нық сенімді. Ауыл шаруашылығы жақсарса, елдің де дамуы алға басады дейді ол. Шаруа алдағы уақытта фермасын кеңейтіп, өнім көлемін де көбейтпек ниетте.