Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында жол сапасы сын көтермей тұр. Шаңды топырақты кешіп жүрген аудан халқы кімге шағымданарын білмей дал. Бүгінде Жаңақорған ауданы облыстағы аграрлы саласымен қатар өндірісі өркен жайған өңір саналады. Емдік шипасы мол шипажайымен де аты шыққан аудан дүйім жұртқа жақсы таныс. Алайда әлі күнге халқының саны жағынан облыста алдыңғы қатардағы ауданның жол мәселесі шешімін таппай келеді. Жергілікті жұртшылық осылай деп мұңын шағып отыр. Тұрғылықты халықтың уәжіне құлақ түрсек, бүгінде аудан орталығындағы соғыс ардагерлері және еңбек адамдарына есімін берген көшелердің жағдайы мүшкіл тартып тұр. Тас төселмеген қара жердің шаңы көтеріліп, жауын жауса майлы балшыққа айналады. Сазды топырақ иленіп, жүру мүмкін болмай қалады. Оның үстіне, шаң-тозаңнан демалу да қиындық туғызады екен.
«Негізінен, аудандағы көптеген көшелерге осы өңірге еңбегі сіңген азаматтар, соғыс ардагерлерінің есімдерін беру жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Соның ішінде соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен тұлғалар да бар. Бәрі де жергілікті азаматтар. Бұл игі бастама халық тарапынан да зор қолдау тапты. Осы орайда сол кездері жаңаша атауға ие болған 20 шақты көшенің жолын жөндеу жайы да сөз болды. Алайда осы күнге дейін аталған жұмыстар жүзеге асырылмай отыр. Сол кездері уәде берген аудан әкімі мен кент әкімі бүгінде басқа қызметке ауысып кетті. Ал жаңадан келген әкімдер бұған бас ауыртып отырмаған сияқты. Ақыр соңында қара халық өркениет көшінен қалып, жол азабын тартып жүр», – деп ашынады кент тұрғыны Ләззат Мырзалиева.Осы мәселеге байланысты құзырлы орындарға сан мәрте шағымданғанымен еш нәтиже шықпаған. Үш жылдан бері жолдың жайы көтерілгенімен сең қозғалар түрі жоқ. Кент тұрғыны ең болмаса шаңы көтерілген көшеге уақытша тас төсеп берсе деген уәжін жеткізді.
«Жолымыздың мүшкіл халде тұрғанына көп болды. Әкімдік бұл жағдайдан хабардар. Осыған байланысты жол саламыз дегеніне жылдан асып барады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Көшемізде жүріп-тұруымыз қиындап кетті. Балалар тұрмақ, ересек адамдардың өзіне қиын. Жауын жауса, тіпті азапқа түсеміз. Құзырлы орындар тарапынан көшемізге көңіл бөлінсе екен», – дейді тағы бір кент тұрғыны Әтіркүл Тілеубергенова.Қазір Жаңақорған ауданы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 451 шақырымды құрайды. Оның 101 шақырымы республикалық, 157,9 шақырымы облыстық және 192,1 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары санатында екен. Сонымен қатар 26 кент және 474 ауылдық округ көшелерінің ұзындығы – 574,4 шақырым.
«Жалпы, аудан аумағында жол сапасын жақсарту мақсатында жоспарлы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың да ауқымы кең. Бұл тұрғыда 2014 жылы орташа жөндеу жүргізілген «Самара-Шымкент-Екпінді» автомобиль жолының 4-6 шақырымы мен 2015 жылы орташа жөндеу жүргізілген «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата» автомобиль жолының 9-12 шақырымы орташа жөндеуді талап етеді. Соған орай бүгінде аталған жолдарды орташа жөндеуге жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге және ведомствалық сараптамадан өткізуге 4 792,1 мың теңге қаржы сұралып отыр. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2023 жылы елді мекендердің жалпы ұзындығы 64,15 шақырым 54 көшесін орташа жөндеу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Қызылорда облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 1 598 197,9 мың теңге қаржыға бюджеттік өтінім ұсынылды. Тиісті қаржы көздері шешімін тапса, межеленген жұмыстар қолға алынатын болады. Ал кент көшелеріне қатысты жұмыстарды кент әкімдігінен біле аласыздар», – деп мәлімдеді Жаңақорған аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өкілдері.Аталмыш мәселеге орай кент әкімдігіне де хабарласып, мәселенің мән-жайына қанық болдық.
«Жанақорған кенті орталығындағы З.Мырзалиев көшесіне тас төсеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаты дайындалып, бюджеттік өтінім ұсынылған. Соған орай бюджеттен колдау тауып, каржы бөлінген жағдайда тас төсеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ Шонабаев көшесін жөндеуге байланысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қажеттілікке байланысты жоба-сметалық құжат жасауға тиісті шаралар қабылданатын болады», – деп мәлімдеді кент әкімдігінің бас маманы Бақытжан Мұзафаров.Қалай болғанда да, «Жолдың жайын жүрген біледі» демекші, жол азабын тартқан жаңақорғандық жамағат көріксіз көшелер мен сүреңсіз жолдардың сапасына көңіл бөлінсе дейді. Көптің талабы ескерусіз қалмайды деп үміттенеміз. Осы орайда әкімдердің жұмысы жол сапасымен бағаланатынын да қаперге салғымыз келеді.