Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қызметке келгеніне айдан асты. Осы уақыт аралығында облыс басшысы өңірдегі бірқатар аудандарды аралап, тұрғындардың жай-күйімен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мүмкіндіктерімен танысып, қажетті шаралар бойынша жергілікті басшыларға тиісті тапсырма беруде. Келестіктердің мұңын тыңдады
Осыдан төрт жыл бұрын қайта құрылған Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. «Бұл жұмыс жаңа қарқынмен одан ары жалғасады», – деді ауданға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. Облыс басшысы мұнда келестіктермен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылады. Тұрғындардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, олардың барлық сауалдарына жауап берді. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен жүздескен облыс әкімі бірде-бір мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.Облыс әкімі халықпен кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес облыста жоспарланған және атқарылатын жұмыстар барысын баяндады. Айта кетейік, осыған дейін облыс басшысымен кездесуде тұрғындар көтерген бірқатар мәселелер шешімін тапқан екен.
– Келес ауданының орталығы Абай ауылынан тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімдерін беру үшін 96 гектар жерге электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталады. Кезекте тұрған 500-ге жуық азаматқа кезең-кезеңімен жер телімін беру жоспарлануда. «Ақылбексай» су қоймасынан ауылға су беру мәселесі бойынша қажетті жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мемлекет басшысының тарапынан қойылған міндеттер еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар да ары қарай жалғасын табатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында алдымызға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмыла атқару үлкен маңызға ие, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.Кездесу барысында, одан кейінгі жеке қабылдау кезінде де тұрғындар тарапынан өткір сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, үй салуға жер беру, кітапхана салу, жұмыссыздық, жастардың синтетикалық дәріге құмарлығы, мал шаруашылығын дамыту, Келес өзенінің экологиялық ахуалы, бау-бақша шаруашылығына субсидия беру, спорт кешенін салу және өзге де мәселелер аудан үшін өзекті екені сөз болды. Өңір басшысы ұсыныстар орынды екенін, назарға алынатынын атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы саласын Келес ауданының брендіне айналдыруға болады. Өйткені мұнда егін, мал шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Бір жылда 2-3 өнім алынатын тәсіл жалғасуы тиіс. Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жобаларды толық қолдаймын. Ордабасы ауданында ірі мал шаруашылығы кешенін ашуды жоспарлап отырмыз. Мұны Келесте де жүзеге асыруға болады. Мал шаруашылығымен айналысатын 25 шаруа қожалығы мен кәсіпорындардың тізімі бекітіліп, Өзбекстан Республикасына ет экспорттауға рұқсат алынды. Келестік шаруаларды да осы тізімге қосып, ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Спорт кешенін, Оқушылар сарайын, кітапхана салу мәселесін де қарастырамыз. Бұл аймақтың мәселелерін жақсы білемін. Жалпы өңір тұрғындарының 80 пайызға жуығы ауыл-аймақтарда тұрады. Сондықтан енді аудандарға қолдау күшейтіледі, – деген Дархан Сатыбалды Келес өзеніндегі заңсыз карьер қазушылардың жұмысын тоқтату, синтетикалық дәріге қарсы күресті күшейту жөнінде жауаптыларға тапсырма берді. Сарыағаш пен Келес ауданындағы қордаланған мәселелер бойынша арнайы жиналыс өткізіп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.Жылыжай шаруашылығы дамыған өңір Иә, Түркістан облысының экономикалық драйвері ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі. Өңірде өзгелерге үлгі болатындай шаруашылықтар көптеп кездеседі. Әсіресе, елімізде дамып келе жатқан жылыжай шаруашылығының басым бөлігі оңтүстік өңірде. Сонымен бірге, жылыжай шаруашылығына қажетті заттар Түркістан облысында шығарылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданында болған жұмыс сапарында осындай кәсіпорында болып, оның жай-күйімен танысты. Келес ауданы, Ораз ата елді мекенінде орналасқан «Келес Пласт» ЖШС қайта өңдеу цехында пленка, пресс жіп, жылыжайға арналған қысқыш, көшет өсіруге арналған стакан өнімдері шығарылады. Жергілікті тұрғын Нұржан Омаров жетекшілік жасайтын кәсіпорында жылыжай шаурашылығына қажетті заттар шығарылып, шаруалар арасында сұранысқа ие болып отыр. Жалпы құны – 150 млн теңге болған жобаға кәсіпкер өз қаражаты есебінен 127 млн теңге жұмсаған. Одан бөлек, несие қаражаты есебінен 23 млн теңге алып, жобаны жүзеге асырған. Кәсіпорын 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өңір басшысы кәсіпкердің қадамын жоғары бағалап, отандық өнімдерді көбейту – уақыт талабы екенін жеткізді. Облыс басшысы Келес өңірі сапары кезінде Біртілек ауылдық округі аумағында орналасқан «Оразов Ермахан» шаруа қожалығында да болды. Ашық егістік жерден жылына 2-3 рет көкөніс өсіретін және жылыжай шаруашылығын қоса атқаратын шаруа қожалығының басшысы Сейдахмет Бижігітов 6 гектар аумаққа қырыққабат, дәндік жүгері, жоңышқа, қияр сынды өнімдерді өсіріп, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Жобаның жалпы құны – 9 млн теңге. Бір жылда 820 тонна көкөніс өсіріледі. Кәсіпорын мен шаруа қожалығында кәсіпкерлермен, диқандармен кездескен Дархан Амангелдіұлы ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау, осы бағыттағы жобаларды көбейту жұмыстарының жалғасатынын жеткізді. Кәсіпкерлердің өтініштерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Түркістан облысы