Түркістандық азамат 2 700 түп көкнәр егіп, 3 жыл арқалап кетті
Түркістандық азамат 2 700 түп көкнәр егіп, 3 жыл арқалап кетті
Түркістан облысында ірі көлемде есірткі еккен егде жастағы ер адам 3 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Нақты айтсақ, полицейлерге Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түсті. Ақпарат алысымен тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрылды. Полицейлер жан-жақты жұмыс жүргізіп, ақпарат жинақтады. Нәтижесінде, күдікті анықталып, ұсталды. Егде жастағы ер адамның үйіне тінту жүргізу кезінде үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабынан егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктер табылды. Осылайша, сезіктіден айғақты зат ретінде 2 720 түп өсімдік тәркіленіп, олар сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысымен алынған түптер «көкнәр» өсімдігі болып шықты. Жергілікті тұрғынның есірткі егіп-өсіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 300-бабымен “Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру” әрекеті бойынша тергеу басталды. Оқиғаның толық мән-жайын анықтаған полицейлер  істі айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолдады.
«Сарыағаш аудандық сотының үкімімен 54 жастағы ер адам ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігі 3-тармағына сәйкес кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды»,- делінген Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.