Биыл халық санағы өтеді. Қазіргі уақытта бұл шараға дайындық басталып кетті. Бюджеттен де қаражат бөлінді. Дегенмен бұл санақ 2019 жылы өту керек болатын. Бірақ ол кейінге шегерілді. 2020 жылдың 5 ақпан мен 5 наурыз аралығында жүргізіледі деген іс ақыры 2020 жылдың қазан айында өткізілетін болып шешілді. «Бұл санақ бұрынғыдан өзгеше болады», – дейді Статистика комитеті. Неге? Өйткені 2009 жылы өткен санақта бірқатар заңбұзушылық болып, оның арты қудалауға ұласқан болатын.
Қанша қаржы бөлінді
Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері екі рет санақ өткен, бұл – үшінші. Бұл жолы 2018 жылдан бастап 2022 жыл аралығында Қазақстанның Ұлттық халық санағына дайындық және өткізу үшін Статистика комитетіне 8 млрд 211 млн теңге сомасында қаржы қарастырылған. Ол адам басына шаққанда 1,2 АҚШ долларын құрайтын болады деп жоспарлаған комитеттегілер. – Бюджеттің негізгі бөлігі 3 млрд 7 млн теңге сауалнама жүргізушілер еңбегіне төленеді. Онлайн ресурс пен ақпараттық жүйеге де қаржы кетті. Одан кейін әрбір облыс орталықтарында санақ жүргізу бөлімдерін аштық. Содан кейін аудан, ауылдарда санақ жүргізу үшін көлік жалдайтын боламыз. Сондай-ақ шамамен 1 млрд теңгеге планшет, сумка, мойынтақ сатып алдық. Бұл туралы мәліметтер сайтта ашық көрсетілген, – дейді Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов.Мұғалімдер тегін тартылмайды
Айта кету керек, Ұлттық халық санағын жүргізуге 32,5 мың адам тартылмақ. Статистика комитеті төрағасының айтуынша, бұл санаққа бұрынғыдай мұғалімдер тегін жұмысқа тартылмайды. Ақылы түрде, өз еркімен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі екен. «Жалпы, санақ жүргізуге тартылатын азаматтарға қойылатын талаптар: 18 жастан асқан Қазақстанның азаматы, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысқыш болуы керек. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, тек планшетпен жұмыс істей білуі керек» деген болатын Нұрболат Айдапкелов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Сонымен бірге тұрғын үйлерге барған кезде сауалнама жүргізушілерде халық санағының логотипі бар куәлік, сумка, мойынтақ болады. Сол арқылы әр адам санақшыны бірден таниды.Екі кезеңнен тұрады
Халықтың құлағына алтын сырға. Айтпағымыз, санақ шартты түрде екі кезеңнен тұрады. Яғни, дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында болады. Бұл кезеңде санақ жүргізушілер үйлерді аралап, онда тұратын тұрғындардың нақты санын анықтайды. Дайындық жұмыстарынан кейін 1-30 қазан аралығында халық санағының негізгі кезеңі өтеді. Санақ ақпаратты жинаудың екі әдісін пайдалана отырып жүргізіледі: халық санағының алғашқы 15 күнінде Ұлттық экономика комитетінің интернет-ресурсында интернет-сауалнама жүргізіледі. Интернет-сауалнамада респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтырады. Интернет-сауалнамамен қатар санақшылар да сауалнама жүргізеді. Бұрынғыдай емес, бұл жолы қағазбен жұмыс істеу болмайды. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Сауалнама жүргізушілерді үйіне кіргізуді қаламайтын адам sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетімен толтыра да алады. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі. Болды, сіз тіркеудесіз.Өткен санақ – келешекке сабақ
Бұған дейін тәуелсіз Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы 1999 жылы, кейін 2009 жылы өтті. Кейінгі санақта Қазақстан тұрғындарының саны – 16 миллион 4 мың 800 адам болды деп көрсетті. Алайда көп ұзамай, сол уақыттағы статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов, 2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан халқының саны 16 миллион 196 мың 800 адамды құрағанын айтты. Соңғы өткен санақ өзінің атышулы қаржылық істерімен есте қалды. Агенттік мамандары халықтың санын қайта-қайта санап жатқан тұста, қаржы полициясы санаққа жұмсалған қаржыны санауға кірісті. Ресми мәліметке сүйенсек, 2009 жылғы халық санағына республикалық бюджеттен 1 миллиард 144 миллион теңге бөлінген. Соның тек 379 миллион теңгесі ғана (2,5 миллион доллар шамасында) белгіленген мақсатқа жұмсалған. Қаржы полициясы осы соманың 764,8 миллионы (5,1 миллион доллар) талан-таражға түсті деді. Кейін кәсіпкер Серік Тұржанов 9 жылға, статистика агенттiгi басшысының бұрынғы орынбасарлары – Нұрман Баянов 6 жылға, ал Бiрлiк Меңдiбаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал шетел асқан Статистика комитетінің басшысы болған Анар Мешімбаеваға халықаралық іздеу жарияланды. Айта кету керек, кейін 700 миллион теңге жымқырды деген айып тағылған Анар Мешімбаева Ресейден Қазақстанға жеткізіліп, 7 жылға сотталды. Сондай-ақ дүние-мүлкі тәркіленді. Ол 4 жылдан кейін амнистиямен бостандыққа шықты. Осы былық кесірін тигізіп, санақ қорытындысы кеш шықты. Сол санақтың қорытындысы бойынша, қазақтардың үлесі 63,9 пайызға жеткені белгілі болды. Алғашқы бетте қазақтардың үлесі 67 пайыз деген бейресми мәлімет тараған болатын. Сол уақытта Әлихан Смайылов ондай қате деректердің тарауына агенттіктің бұрынғы басшылығын кінәлады.Болжам
Демограф, саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі қазақ саны 70 пайызға жеткен. Ол дегеніміз 18,6 миллион халықтың 13 миллионы өз ұлтымыз деген сөз. Яғни, қазақтар жыл сайын 255-262 мыңға өсіп отыр. Дегенмен қазақ санын көбейту үшін шетелдегі қазақтарды елге тартуды қайта қолға алу керек екені де айтылуда. Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстаннан тыс жерде 6 321 564 қазақ тұрып жатыр екен. Бір атап өтер жайт, бұл деректерді 2014 жылы Түркия ғалымдары ұсынған-ды. Демек, бүгінгі күні жер жүзіндегі қазақтардың санын 20 миллионға жетіп қалды деуге негіз бар. Иә, биылғы санақ басқалардан өзгерек бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Тек қана сенімге селкеу түсірген 2009 жылғы санақтағыдай былыққа орын берілмесе болғаны.